Сәлемдеменің жоғалуы – пошта қызметін пайдаланатын азаматтарды алаңдататын басты мәселелердің бірі. Осыған байланысты «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы директорының EMS қызметі жөніндегі орынбасары Тілеугүл Имашева жоғалған жөнелтілімдер бойынша компания қандай тәртіппен жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, әрбір сәлемдемеге бірегей трек-нөмір беріледі және ол жөнелтілген сәттен бастап жеткізілгенге дейінгі барлық кезеңде жүйе арқылы бақылауда болады.
Әр сәлемдемеге қатысты барлық ақпарат жүйеде сақталады. Қызметкерлер кез келген уақытта оның қай жерде тұрғанын арнайы есептер арқылы көре алады. Сондықтан әрбір жөнелтілімнің қозғалысы толық бақыланады, – деді ол.
Имашеваның сөзінше, егер жөнелтуші немесе алушы сәлемдеменің жоғалғаны туралы хабарласа, компания міндетті түрде өтініш қабылдап, жан-жақты тексеру жүргізеді.
Халықаралық жөнелтілімдер бойынша тергеу жұмыстары Дүниежүзілік пошта одағының ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Бұл жағдайда «Қазпошта» өкілдері тиісті елдің пошта қызметімен байланысқа шығып, сәлемдеменің не себепті жеткізілмегенін анықтайды.
Сонымен қатар клиент ұзақ тексеру нәтижесін күткісі келмесе, компания тасымалдау қызметі үшін төленген қаражатты қайтарып бере алады. Кейін шығынды өтеу мәселесі екі елдің пошта операторлары арасында шешіледі.
Қазақстан аумағындағы сәлемдемелер де бірнеше деңгейлі бақылау жүйесі арқылы қадағаланады. Жөнелтілім қалаға, ауданға немесе ауылға жеткен сайын бұл ақпарат жүйеде тіркеліп отырады. Барлық процесс ілеспе құжаттар мен электронды бақылау жүйесі арқылы рәсімделеді.
Компания өкілінің айтуынша, егер сәлемдеменің жоғалуына пошта қызметінің кінәсі дәлелденсе, клиентке өтемақы төленеді. Ал жөнелтілім бағаланбаған болса, жеткізу құны қайтарылады. Егер сәлемдеменің бағасы алдын ала көрсетілген болса, оның толық бағалау құны өтеледі.
Тілеугүл Имашева мұндай жағдайлар сирек кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, кейде атауы ұқсас елді мекендерге қате жөнелту сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Алайда мұндай кезде сәлемдеме іздестіріліп, иесіне қайтарылады.
Егер кешігу немесе жоғалту фактісі расталса, клиенттен кешірім сұралып, заңнамаға сәйкес өтемақы мәселесі қаралады, – деді ол.