Португалия сәуір айының соңында орын алған жаппай электр қуатының үзілуіне байланысты Францияға қарсы Еуропалық комиссияға ресми шағым түсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы The Financial Times басылымы елдің Энергетика министрі Мария да Граса Карвальоға сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, Пиреней түбегі Франциямен трансшекаралық электр желілерінің кеш қосылуына байланысты электр қуатын өшіруге осал күйде қалып отыр. Осыған байланысты Португалия Францияға қысым көрсету үшін Еуропалық комиссияның араласуын сұрамақ.
Біз бәріміз — біртұтас жүйеміз. Сондықтан бір-бірімізге көмектесу үшін ЕК төрағасының қолдауына жүгінеміз, — деді Карвальо.
28 сәуір күні Пиреней түбегінің бірнеше елдерінде — Испания (Мадрид, Барселона), Португалия (Лиссабон, Альгарве, Коимбра), сондай-ақ Францияның Бургундия аймағында, Андоррада, Нидерландыда және Бельгияда ауқымды электр қуатының үзілуі тіркелді.
Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл жағдайды "бұрын-соңды болмаған оқиға" деп сипаттап, 15 гигаватт қуат небәрі бес секунд ішінде жоғалып кеткенін мәлімдеді.