Польша – Қазақстан тауар айналымы артты

18 Маусым 2023, 22:00
635
Бөлісу:
Польша – Қазақстан тауар айналымы артты
Фото: baq.kz

Қазақстан мен Польша арасында тауар айналымы артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қос ел өзара 1 миллиард 400 миллион долларға сауда жасасқан. Мамандар мұны рекордты көрсеткіш дейді. Яғни, алыс-беріс алдыңғы жылмен салыстырғанда 80%-ке өскен. Биылғы жылдың бастапқы 4 айындағы сауда-саттық 430 миллион доллардан асып түсті.

Таяуда Варшавада экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның IX отырысы өткен. Оған Қазақстан делегациясын еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастап барған. Ал поляк тарапын еуропалық мемлекеттің Даму және технологиялар жөніндегі бірінші вице-министр Гжегож Пеховяк басқарды. Олар көлік жасау, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру және туризм салалары бойынша бірлескен жобаларды ортаға салды. Роман Василенко шетелдік бизнесмендер мен инвесторларға арналған салық жеңілдіктері мен басқа да артықшылықтар туралы айтты.

Айта кетейік, былтыр Польшадан Қазақстанға 75 миллион доллар инвестиция тартылған.

Үкіметаралық комиссия отырысында екіжақты ынтымақтастыққа қатысты кең көлемдегі мәселелерді талқылауға мүмкіндік бар. Бірінші кезекте сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікке басымдық беріледі. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас өте жақсы деңгейде дамып жатыр. Екі тарап та диалогқа ашық, - деді Польшаның Даму және технологиялар министрлігі департаментінің басқармасы басшысы Мачей Фалковский.

Өзгелердің жаңалығы