Қызды құтқарам деп суға кеткен полиция қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылады

23 Наурыз 2019, 12:33
2224
Бөлісу:
Қызды құтқарам деп суға кеткен полиция қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылады

Астана, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкері Ақымғалиев Шалқар Көкінбаевтың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты, деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.

ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев Шалқардың анасы Ләззат Мәженқызына жолдаған көңіл айту хатында ішкі істер органдары және қалың қазақ жұрты өзінің ер-жүрек, батыр ұлынынан көз жазып қалғандығын, бұл орны толмас қайғы екендігін атап өткен.

«Бұл – орны толмас қайғы. Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар. Сіздер тәрбиелеп өсірген ұлдарыңыз Шалқар Көшкінбайұлы осы қасиеттерге лайық еді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады. Ол әрбір қазақстандықтың өмірін сақтауды өзінің қасиетті борышы санады. Сондықтан сын сағаттарда нағыз батырларға тән ерлікке барып, өзгенің өмірі үшін өз жанын құрбан етті», делінген министрдің көңіл айту хатында.

Сондай-ақ министр Шалқар Көшкінбайұлы ішкі істер саласында бес жыл қызмет атқарғанын, оны әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде білетінін айтты.

«Елін шексіз сүйген, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жер тыныштығын қас қақпай қорғаған батыр ұл өсіргендеріңіз үшін сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Біз оның ерен ерлігін, батырлық болмысын, биік азаматтық келбетін ешқашан ұмытпаймыз. Асыл ердің жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!», - деді министр.

Атырауда қызды құтқарамын деп суға батып кеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылады. Ш.К.Ақымғалиевтің отбасына ІІМ жеке құрамы тарапынан материалдық көмек көрсетілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы