Түркістан облысында 9 жасар бала полиция формасын киіп, әкесімен бірге үйінің жанында ойнауға шыққан. Бірақ балалардың бұл ойыны күтпеген жерден айыппұлмен аяқталды. Баланың әкесі Досжан Сұлтанның айтуынша, 26 қазанда олар хаттама толтыру үшін полицейдің келуін бір сағаттай күтуге мәжбүр болған. Осы жағдайға қатысты Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Бала полиция болуды армандағандықтан полиция формасын киді», – дейді баланың әкесі.
Ал полиция өкілдері мәселе формада емес екенін түсіндірді. Ведомство мәліметінше, бала кешке қарай жолдың жүру бөлігіне шығып, көліктерді тоқтатқан, ал әкесі жанында тұрып оны видеоға түсірген.
Полицейлер мұндай әрекеттер баланың өміріне қауіп төндіретінін жеткізді.
Әлеуметтік желілерде Түркістан қаласында автокөліктерді тоқтатқан полиция формасындағы баланың бейнежазбасы талқылануда. Біз бұл жағдайда түсіндіргіміз келеді. Баланы полиция формасын кигені немесе полиция қызметкері болуды армандағаны үшін ешкім жазалаған жоқ. Керісінше, біз балалардың болашағын полиция қызметімен байланыстыруға деген ұмтылысын құптаймыз. Бірақ бұл оқиғада біз мүлдем басқа нәрсе туралы айтып отырмыз. Бала кешкі уақытта жолға шығып, қозғалыстағы көліктерді тоқтатқан. Сонымен қатар оның әкесі жақын жерде тұрып, не болып жатқанын видеоға түсірген. Мұндай әрекеттер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жүргізушінің бір абайсыз қозғалысы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция араласты. Баламен және оның әкесімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Баланың өзіне ешқандай жауапкершілік шаралары қолданылмады. Әкімшілік материал ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкесіне қатысты рәсімделді. Полиция қызметкері болуды армандау өте жақсы. Бірақ бейнеролик үшін бала өміріне қауіп төндіруге болмайды, - дейді Түрксітан облысы ПД ресми өкілі Гүлнар Абдужаппарова.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада полиция формасын киіп, әлеуметтік желіге видео түсірген блогер жазаланды.