Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ер адамның полицияның формасын пайдалана отырып, полиция қызметкерлерінің іс-әрекетін мазақ қылған бірқатар бейнероликтер жариялағанын анықтады.
Тексеру барысында 30 жастағы құқық бұзушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Осы факт бойынша ол арнайы киім-кешектің айырым белгілері бар нысанды киімді заңсыз кигені, сондай-ақ заңсыз контентті орналастырғаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қоса полиция өкілдері құқық қорғау органдарының нысанды киімін, символикасын заңсыз пайдаланудың, сондай-ақ полиция қызметкерлерін мазақ қылудың және азаматтарды адастыруға бағытталған материалдарды таратудың кез келген әрекеті дереу анықталып, оларға қатаң құқықтық баға берілетінін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында инспекторға шабуыл жасаған тұрғын сотталды.