Полиция атын жамылып, халықты алдаған: Украинада халықаралық топтың 11 мүшесі ұсталды

Украинада жұмыс істеген алаяқтар Әзербайжан азаматтарын «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға мәжбүрлеген. Ұрланған қаражат қайда кеткен?

3 Қараша 2026, 19:08
АВТОР
 apa.az 3 Қараша 2026, 19:08
3 Қараша 2026, 19:08
126
Фото: apa.az

Әзербайжан мен Украина полициясы бірлескен арнайы операция жүргізіп, халықаралық іздеуде жүрген кибералаяқтар желісінің ұйымдастырушыларын ұстады. Украина аумағында қолға түскен 11 адам Әзербайжанға жеткізілді. Олар азаматтарды құқық қорғау органдарының, банктер мен ұялы байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, ақшасын иемденген, деп хабарлайды BAQ.KZ APA агенттігіне сілтеме жасап.

Әзербайжан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ Украинадағы бірнеше қалада түрлі қызмет көрсету орталықтарының атын жамылған заңсыз байланыс орталықтарын құрған. Жаңа адамдарды жұмысқа тарту үшін Telegram платформасында ақпараттық технологиялар мен клиенттерге қызмет көрсету саласында жоғары жалақы ұсынатын хабарландырулар жариялаған.

Тергеу барысында байланыс орталықтарының қызметкерлері Әзербайжан азаматтарына арнайы дайындалған сценарийлер бойынша қоңырау шалғаны анықталған. Олар өздерін полиция, ұялы байланыс операторлары, банк және инвестициялық компания қызметкерлері ретінде таныстырған.

Алаяқтар азаматтарға банк шоттарында күмәнді операциялар жасалғанын, ақшаларына қауіп төніп тұрғанын немесе карталары бұғатталатынын айтып, үрей тудырған. Кейбір жағдайда жоғары табыс табуға мүмкіндік беретін жалған инвестициялық ұсыныстар арқылы да адамдарды алдаған.

Осылайша, олар азаматтарды ақшасын «қауіпсіз шоттарға» аударуға, банк карталарының деректері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын беруге мәжбүрлеген.

11 адам ұсталды

Украина Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізілген операция нәтижесінде Киев қаласында жұмыс істеген заңсыз байланыс орталықтарының 11 қызметкері ұсталып, Әзербайжанға жеткізілді.

Олардың арасында халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық желінің негізгі ұйымдастырушылары Нариман Искандаров, Эльсун Әлиев, Эльшад Мусаев және Эльшан Шукуров бар.

Тергеу мәліметінше, Руслан Закиров, Ясаф Байрамов, Эльсевар Мамедов, Дмитрий Душин және Руслан Матвеев те қылмыстық топқа қатысы болған. Олар Telegram арқылы шетелдегі топ мүшелерімен байланысып, алаяқтық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға көмектескен.

Қылмыстық топ мүшелері ұрланған қаражатты өз бақылауындағы банк карталарына жинап, келісілген комиссияны алып қалғаннан кейін қалған соманы криптовалютаға айырбастап, шетелге аударып отырған.

Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен топ жетекшілеріне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған ұсталған адамдарға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Кибералаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Әзербайжан Ішкі істер министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі жоғары жалақы мен оңай табыс уәде ететін күмәнді жұмыс ұсыныстарына сақ болуға шақырды.

Сондай-ақ банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және басқа да құпия мәліметтерді бейтаныс адамдарға бермеу керектігін ескертті. Күмәнді қоңыраулар кезінде айтылған ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, алаяқтық белгілері анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Әзербайжан президентінің атынан Түркияда жалған мәлімдемелер тарады. Ильхам Әлиевтің атынан әлеуметтік желілерде тараған ақпарат көрші елде назар аудартты. Әзербайжан билігі мұның артында не тұрғанын түсіндірді.

Наверх