Ішкі істер министрлігі азаматтарды коммуналдық қызмет атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Соңғы уақытта алаяқтар өздерін жылу қызметінің мамандары ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалуда. Олардың мақсаты – жеке мәліметтеріңізге немесе банк шотыңызға қол жеткізу, - дейді полицейлер.
Алаяқтар әдетте:
- жылу есептегішін тіркеу керек;
- өтініш қалдырғансыз;
- құжаттарыңызды жаңарту қажет;
- берешегіңіз бар немесе жеңілдік рәсімдейміз деген сияқты сылтаулар айтады.
Кейін олар телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Бұл кодты ешкімге айтуға болмайды.
SMS-код арқылы алаяқтар банк қосымшасына кіруге, мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуге және сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауға әрекет етуі мүмкін.
Сондықтан тәртіп сақшылары мыналарды ескертті:
- телефон соққан адамның кім екенін тексеріңіз;
- SMS-кодты, банк картасының деректерін, CVV-кодты және жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз;
- күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;
- бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны жүктемеңіз және сілтемелерге өтпеңіз.
Полиция коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан телефон арқылы SMS-кодты сұрамайтынын еске салады.
Сақ болыңыз! Бір ғана SMS-кодты айтып, барлық қаражатыңыздан айырылып қалмаңыз.