Полицейлер көмекке әзір

16 Маусым 2019, 16:00
2227
Бөлісу:
Полицейлер көмекке әзір

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда еліміздің полиция қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Жыл басынан бері ержүрек сардарлар талай жанның өміріне араша түсті. Басын қатерге тігіп, қауіпті аймақта қалтқысыз қызмет еткендер марапатқа лайық.  

24.kz арнасының хабарлауынша, адам өміріне араша болып жүрген тәртіп сақшылары аз емес. Жол-патрульдік полицияның қос қызметкері Абзал Молдашев пен Роман Байдильдин де 65 жастағы азаматты құтқарды. Оқиға түнгі онда автобус аялдамасында болған. Халықаралық әуежай маңында қызмет бабымен жүрген олар жүрек талмасы ұстап, жерге ес-түссіз күйде құлаған қарияны байқайды. Бірден жедел-жәрдем шақырады. 

"Ол кісіні бірінші рет көргенде остановкада бір жағымен жатып, аузынан ақ көбік ағып жатты. Бірінші көмек көрсеттік. Сол санчастьта скорыймен алып кетті. Мұндай жағдай болып тұрады. Ерлік деп есептемеймін. Парызымыз ғой, жұмысымыз. Адамдарға, қарттарға көмектесу" - дейді лейтенант Абзал Молдашев. 

Қазір Серікпай Боқышевтың жағдайы жақсы.

"Батальоннан тауып алып, бастығына барып айттым. Семьямнан алғыс айтуға. Рахмет екеуіне" - дейді Серікпай Боқышев. 

Елордада 5 қабатты жатақхана өртке оранған күн есімізде. Құтқару бөлімшесінің қызметкерлері мен жергілікті полиция және ұлттық ұлан сарбаздары бірден көмекке ұмтылды. Өз қауіпсіздігін ойламастан, бастарын қатерге тікті. Нәтижесін білесіздер. Лаулаған нысаннан 32 адам құтқарылды. Ал сұрапыл өртпен алысып, ерлік көрсеткен полиция инспекторы Ақбар Жүрікбаев пен аға лейтенант Бекжан Сыбанов ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталады.  

"Қорқыныш әрине болды. Бірақ адамдар өрттің арасында қалғаннан кейін ішке кіріп, адамдарды алып шығуға әрекет жасадық. Ана жерде бүкіл адамдар шыңғырып, айқайлап жатты. Ол моментте ойламайсың, ешнәрсені. Ішке кіріп кеттік бәріміз" - дейді полиция инспекторы Ақбар Жүрікбаев.  

Ел ішінде ерлікке баратындар аз емес. Олар жайлы айтылып жүр. Намыстан жаралғандар жайында ара тұра жазылып та қалады. Біздің түсінікте ол антына адал қарағандарға берілген баға, көрсетілген құрмет. Еңбектің еленгені де жақсы ғой.

Өзгелердің жаңалығы