Полицейлер Түркістан облысында оншақты пәтерді тонаған күдіктіні ұстады

25 Қаңтар 2022, 12:41
1086
Бөлісу:
Полицейлер Түркістан облысында оншақты пәтерді тонаған күдіктіні ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының полицейлері орын алған қылмыстарды жедел ашуда әркез өз кәсібиліктерін көрсетіп келеді. 

Бұл жолы «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде  Түркістан облысының полицейлері Арыс, Сарыағаш және Сайрам аудандарында 10-ға жуық пәтер ұрлығын жасаған әккі ұрыны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен қолға түсірді. 

Тарқатып айтар болсақ, осы жылдың қаңтарында Сайрам ауданының тұрғыны арызданып, кешкі уақытта 2 миллион теңгеге жуық ақшасын алтын әшекейлерін белгісіз біреудің жымқырып кеткенін жазып көрсетеді. 

Аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеуге алған тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетеді. Бірінші кезекте ұрлық терезе арқылы жасалғанын анықтайды. Содан соң тәжірибелеріне сүйене отырып, күдіктінің ізіне түседі. 

Тәжірибелі сақшылар әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беріп, зерделеп, түрлі тұжырымдарды жасайды. Осылайша атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында күдіктінің ізіне түседі. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, яғни жас жігіт болып шығады. Күдікті жергілікті тұрғынның үйінде бірнеше сағат адам болмайтынын біліп, бөлменің терезесі арқылы кіріп, шкаф ішінде тұрған қол сөмкеден 2 миллион теңгеге жуық қомақты қаржы мен брендтік қол сағат, және 2 дана әйелдер сақинасын жымқырған. Осылайша күдікті жәбірленушіге 2 миллионнан астам теңгеге залал келтірген. 

Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе келе, тергеушілер жас жігіттің Сайрам ауданында тағы да 4 және Арыс қаласында 2 тұрғынның, Сарыағаш аудандарында да бірнеше тұрғынның үйіне ұрланып кіріп, жымысқы әрекетін іске асырғанын анықтады. 

Полицейлердің жіті тексеруінің нәтижесінде күдікті жігіттің пәтер ұрлықтарын үй ішіне терезе арқылы еніп, қол сөмкелердің ішіндегі ақшаларды жымқырып кететіні белгілі болды. 

Күдікті қамауға алынды. Одан айғақты зат ретінде брендтік қол сағат алынды және жымқырған заттарын ақшаға айырбастап алу үшін бірнеше ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны құмар ойындарына жұмсаған. 

Оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және өз үйлері мен мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Тұрғын-үйді күзет дабылы және бейнебақылау камераларымен жабдықтау қажеттілігін де ескертеді.  Егер сіз пәтер ұрлығының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз - делінген облыстық ПД таратқан ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы