Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

13 Наурыз 2019, 15:23
4020
Бөлісу:
Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»
PHOTO

Талдықорған, BAQ.KZ. Жергілікті полиция қызметі Талдықорғандағы Агротехникалық колледжде студент қыздармен кездесу өткізді.

«Әйел – отбасы шырағы» атты акция аясында ұйымдастырылған кездесуге тәртіп сақшыларымен қатар, облыстық «Аналар кеңесінің», Әлеуметтік орталықтың және «Аналар үйінің» өкілдері қатысты.

Кездесу басында облыста әйелдердің құқығын қорғау және оларға қарсы жасалатын әрекеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы ақпараттар беріліп, осы мақсатта арнайы әзірленген әлеуметтік роликтер көрсетілді.

Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

Өз кезегінде, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі адам саудасының алдын алу туралы баяндама жасап, әсерлі бейнероликтер ұсынды.

«Аналар кеңесінің» төрайымы Жамал Баймәдиева ұлтты сақтау үшін қыз тәрбиесін мықтап қолға алу керек екенін түсіндірді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақылды іске асырғанда ғана тәуелсіз еліміз өркендейтінін жеткізсе, «ойнап жүріп от басқан» аруларға қандай көмектер көрсетілетіні жайлы тиісті мамандар айтып берді.

Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

Студент арулар білгісі келген сұрақтарға тұщымды жауаптар алып, түйткілді мәселелер бойынша пікір алмасты.

«Бүгінгі қыздар – болашақ жар, ертеңгі ана. Сол себепті ұлттық тәрбие құндылықтарына сүйене отырып, бақытты отбасының негізін қалауға атсалысуымыз қажет. Біздің мақсатымыз – отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, оның алдын алу»,- деп атап өтті Полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Алтынай Рақымбергенқызы.

Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

Кездесу барысында психолог мамандар қыздарға кездесуден алған әсерін қылқаламмен бейнелеуді ұсынды. Кез-келген қиындықтан шығу, күйзелісті жеңу, зорлық-зомбылыққа душар болмау, тұңғиықтан шығу жолдары сияқты сұрақтарға жауап беретін суретті салған әрбір қатысушы «мен мықтымын» деген қорытындыға келді. Әрбір болашақ анаға ой салған кездесу «қызға қырық үйден тыйым» салудың маңыздылығын ашып көрсетті.

Полицейлер: «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

Кездесу соңында колледж басшылығы тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырушылары мен мамандарға үлкен ризашылығын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы