Жамбыл облысында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту ісі тұрақты жолға қойылуда

11 Мамыр 2019, 12:27
2954
Бөлісу:
Жамбыл облысында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту ісі тұрақты жолға қойылуда

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Мәселен, «Сары Бас» компаниясы шұжық өнімдерімен қоса, күнбағыс пістесі мен арахис дәнін де шығаруды қолға алған. Жеке кәсіпкер бұл іспен төрт жылдан бері шұғылданып келеді.

«Бұл, бір қарағанда, оңай шаруа сияқты көрінеді. Дегенмен, өнімнің мұндай түрін дайындау технологиясын жақсы меңгеріп алмай, ұсақ іс болса да тәуекел ету өте қиын. Пістені жуып, тазалап, құрғатып кептіру, тұз қосып дәмін келтіру, қуыру жұмыстарының талапқа сай ұйымдастырылуы қажет. Бәрі үлкен еңбекті қажет етеді. Нәтижесінде, тұтынушыларымыздың қыс бойы шекілдеуік шағуына мүмкіндік тумақ», – деді компания жетекшісі Берік Сәбденалиев. 

Расында, бұл да бір жеңсік ас. Бүгінде ЖШС өнімдері нарықта айрықша сұранысқа ие.

«Бізде Ресейдің «Джинынан» әлдеқайда дәмді «Кереметтің» пістелері шығарылады» деп мақтанатындай жөні бар тараздықтардың. Дүкендердің сөрелерін осы отандық өнім жаулап үлгерген. 

Ауылдық тауар өндірушілерден күзгі жиын-терін кезінде қотара сатып алынатын 50-100 тонна көлеміндегі күнбағыс пістелерін ұқсатып, өңдеу ісі аталған кәсіпорында жыл – он екі ай бойы жалғасады.

«Шағын цехтың жобалық қуаттылығы айына 10-20 тонна өнім шығаруға есептелген. Оны «Даму» қорынан алған несие қаражаты есебінен іске қосқан болатынбыз. Өнімдеріміз әзірге өңірлерде өткерілуде. Алдағы уақытта өнім өндіру көлемін ұлғайтуды ойластырып жатырмыз», - деді Берік Узматұлы. 

Мекеме бүгінде 10 азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. 


Өзгелердің жаңалығы