ПІБ медорталығының дәрігерлері Қарағандыда 25 күрделі операция жасады

1 Наурыз 2024, 19:23
2569
Бөлісу:
ПІБ медорталығының дәрігерлері Қарағандыда 25 күрделі операция жасады
Фото: BAQ.KZ -архив

Өңірлердегі денсаулық сақтау саласын дамытуға, отандық медицинаның деңгейін көтеруге, халыққа жоғары сапалы көмек көрсетуге бағытталған ауқымды іс-шара аясында осы аптада ҚР ПІБ Медорталығының Қарағанды облысындағы күндері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

26-29 ақпан аралығында Медициналық орталық ауруханасының нейрохирург, аритмолог, гинеколог, пульмонолог, уролог және тағы басқа дәрігерлері 25 операция жасап, 130-дан астам консультациялық көмек берді. Елордалық мамандардың 26 презентациясы мен шеберлік сабақтарына мыңнан астам адам қатысты.

Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері өңірде бұрын-соңды жасалмаған күрделі операцияларды сәтті өткізгенін, олардың көмегіне жүгінген пациенттердің басым бөлігі ауыр диагнозы бар адамдар екенін айта кетейік.

Апта ішінде Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының өкілдері жергілікті әріптестеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек тақырыбында бірқатар презентация жасады. «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмыс барысымен танысты, педагогтарға арнап дөңгелек үстел жиындарын ұйымдастырды, - делінген ақпаратта.

Іссапар барысында Медициналық орталық пен Қарағанды облысының әкімдігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының өңірлердегі күндерін өткізудегі басты мақсат – әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды аймақтарға трансферттеу, облыстағы медициналық және басқа да мекемелермен арада байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру екенін айта кетейік.

Осылайша, биыл екінші рет өткізіліп отырған ауқымды іс-шара Қарағанды облысынан бастау алды. Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлері қамтылуға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы