Петропавл қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі мектептің екі қызметкері жөндеу жұмыстары кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алған жағдайға қатысты BAQ.KZ тілшісіне пікір берді.
Ведомствоның мәліметінше, мектепте тек косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, оны білім беру ұйымының өз қызметкерлері орындаған.
Косметикалық жөндеу жұмыстары болғандықтан, мектеп оларды өз күшімен жүргізген. Ал егер күрделі жөндеу қажет болса, мердігер ұйымдар тартылады, – деп мәлімдеді білім басқармасы.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған.
Жарақат алған екі қызметкер де мектепте ұзақ жылдар еңбек еткен. Олардың бірі білім беру ұйымында 2008 жылдан, екіншісі 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Қызметкерлердің бірі – 1964 жылы, екіншісі 1966 жылы туған.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп жатыр.
Тексерудің қорытындысын күтіп отырмыз. Қорытынды шыққаннан кейін кінәлі тарап анықталып, жарақат алғандарға заңнамаға сәйкес өтемақы төлеу мәселесі қаралады, – деп хабарлады білім басқармасы.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда мектептің екі қызметкері спорт залындағы жөндеу жұмыстары кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алғаны хабарланған еді.