Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр

29 Наурыз 2019, 15:52
3422
Бөлісу:
Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда жоғары оқу орындары, колледждер мен жалпы білім беретін мектептердің физика пәні мұғалімдерінің қатысуымен халықаралық форум өтіп жатыр. «Шексіз педагогикалық кеңістік» тақырыбында ұйымдастырылған жиын Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам педагогтің басын қосты.

Солтүстік Қазақстан мектептерінде физика пәнінің 400-ден астам мұғалімі жұмыс істейді. Бұл тізім жыл сайын жас мамандармен толығып келеді. Дегенмен, маман тапшылығы әлі де бар. Петропавлда физика пәні мұғалімдердің халықаралық деңгейдегі форумы алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар оның дәстүрге айналатындығын тілге тиек етті.

Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр

«Аталған форум физика пәні мұғалімдері үшін ашық пікір айта алатын алаңға айналады деген үміт басым. Жиында жалпы педагогиканың, физика саласының өзекті мәселелері қозғалмақ. Олардың қатарында техникалық мамандықтар бойынша кадр дайындығы сұрақтары да бар. Мақсатымыз – балаларға физиканы шығармашылықпен оқытып жүрген мұғалімдерді топтастырып, ой бөлісу. Жоспар құрып, жүзеге асыру», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Татьяна Протопопова.

Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр

Ирина Ловченко – форумға Ресейдің Қорған облысынан арнайы келіпті. Петухово 2-ші орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Тәжірибелі педагог қазақстандық әріптестерімен «Ресей Федерациясындағы білім беруде математика-физика концепциясын енгізу» тақырыбында ой бөлісті.

Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр

«Біз бүгін физика пәнінен қалай білім беру қажеттігін айту үшін емес, аталған пәннен сапалы білім беру мәселелерін айту үшін жиналдық. Сабақты әртүрлі формада беруге болады. Физика – математика, биология сынды тағы басқа пәндермен тығыз байланысты. Кейде тақырыптар бір-бірімен жанасып жатады. Сондықтан мұғалімдердің бір-бірімен тәжірибе, пікір алмасуы маңызды. Бүгінгі форум бізге сондай мүмкіндік береді», - дейді форумға қатысушы.

Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр

Форумның ашылу салтанатын 5 бағыттағы пленарлық секция жұмысы жалғастырды. Олардың ең ауқымдыларының бірі – Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Аталған мектеп оқушылары физика, ғарыш, биотехнология саласындағы өз жобаларымен бөлісті. Солардың бірі 11 сынып оқушысы Ақжан Жолдыбаевтың «Биогаз өндіру қондырғысы». Жоба авторы жиынға қатысушыларға үй жағдайында табиғи газ өндіру технологиясы жайында айтып берді. Форум қорытындысы бойынша физика пәнінің мұғалімдеріне арналған материалдар жинағы жарық көрмек.

Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр


Өзгелердің жаңалығы