Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваның ісі: танысу аяқталды, іс прокуратураға жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржылық мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
2025 жылғы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Бұған дейін хабарланғандай, залал сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.
Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс айыптау актісін бекіту және сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға берілді.
ҚМА өкілі атағандай, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.