Пентагон Иранға қарсы әскери операцияны жалғастыру үшін 200 млрд доллар сұрауда

Ақ үйдің Экономикалық кеңесінің директорының айтуынша, қазіргі таңда АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттерге жұмсаған жалпы шығыны шамамен 12 млрд доллар.

 Anadolu Ajansı Бүгiн 2026, 08:16
Бүгiн 2026, 08:16
173
Фото: Anadolu Ajansı

АҚШ әскері Иранға қарсы операцияны жалғастыру үшін 200 млрд доллардан астам қаржы сұрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

The Washington Post газетінің мәліметінше, Пентагон Ақ үйге Конгреске 200 млрд доллардан астам қаржы бөлу туралы өтініш жасауға рұқсат беруін сұраған. Алайда кейбір шенеуніктер бұл бастаманың заң шығарушылар тарапынан мақұлдану ықтималдығы төмен екенін айтады.

Болжанып отырған сома қазіргі әуе операцияларына жұмсалып жатқан шығындардан едәуір көп. Қаражат негізінен соңғы үш аптада мыңдаған нысанаға жасалған соққылар барысында пайдаланылған негізгі қару-жарақ түрлерін жедел толықтыруға бағытталмақ.

Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, соңғы екі апта ішінде Қорғаныс министрлігі қаржыландырудың бірнеше нұсқасын ұсынған, алайда нақты сұралатын сома әлі толық айқындалмаған.

Бұл бастама Конгресте елеулі саяси келіспеушіліктер тудыруы мүмкін. Қоғамдық қолдау шектеулі болып отыр, ал Демократиялық партия өкілдері оны қатты сынға алуда. Ал республикашылдар жалпы қосымша қаржыландыру идеясын қолдағанымен, оны бекіту тетігі, соның ішінде Сенаттағы қажетті дауыс санын жинау мәселесі бойынша нақты стратегия әзірлемеген.

Бұған дейін Дональд Трамп сайлауалды науқан кезінде АҚШ-тың шетелдік қақтығыстарға қатысуын қысқартуға ниетті екенін айтып, Украинаға жұмсалатын шығындарды сынға алған болатын. Америкалық деректерге сәйкес, желтоқсан айына дейін Конгресс бұл мақсаттарға шамамен 188 млрд доллар бөлуді мақұлдаған.

АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты, ал Ақ үй өкілдері әзірге БАҚ сұрағына жауап берген жоқ.

Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастаған. Ақ үй Иран тарапынан зымырандық және ядролық қауіп бар екенін мәлімдеген. Өз кезегінде Ислам революциясы сақшылары корпусы Израильдегі және аймақтағы америкалық нысандарға соққы жасаған.

Ақ үйдің Экономикалық кеңесінің директорының айтуынша, қазіргі таңда АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттерге жұмсаған жалпы шығыны шамамен 12 млрд долларды құрайды. Ал Пентагон мәліметінше, операцияның алғашқы екі күніндегі соққылардың өзі америкалық салық төлеушілерге 5,6 млрд долларға түскен.

 

Наверх