Мәжілісте 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалып жатыр. Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, былтыр тәрбиешілердің еңбекақысын көтеруге 93,8 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрінің мәліметінше, 2024 жылы бюджет шығыстары 98%-ға орындалып, 23,6 трлн теңгені құрады. Игерілмеген қаражат – 526 млрд теңгені, оның ішінде Үкімет резерві мен басқа да үнемдеу – 12 млрд теңгені құрады.
Есепті кезеңде әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыт қаржыландырылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтердің еңбекақысын көтеруге 93,8 млрд теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтағы 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 3 412,2 км сумен жабдықтау мен су бұру желілері салынды және реконструкцияланды, 90,1 км жылумен жабдықтау желілері жөнделді, - деп айтты Мәди Такиев.
Сонымен қатар бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2024 жылы халық саны 213 мың адамнан тұратын 62 елді мекен газбен жабдықталды.
"Ауыл – ел бесігі" шеңберіндегі 168 жобаны іске асыру бойынша шамамен 152 ауылдық елді мекен қамтылды. 2024 жылы 12 мың км жол салу және жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Агроөнеркәсіп кешенінің 505 субъектісі қаржыландырылып, 3 585 субъектіге кредит берілді, 577 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатып алынды. Соның арқасында Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері 2024 жылы 3,2 млн. гектардан астам алқапта егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде жүргізді.