Павлодарлық жас өнерпаздар халықаралық байқауларда топ жарды

11 Шілде 2022, 21:27
1283
Бөлісу:
Павлодарлық жас өнерпаздар халықаралық байқауларда топ жарды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодардағы оқушылар сарайының шәкірттері бірнеше халықаралық байқауда топ жарды. Жас өнерпаздар хареография мен ән айтуда қарсыластарына дес бермеді.

Жас бишілер Грузияда өткен екінші халықаралық фестивальде бір емес, сегіз бірдей бірінші орынға ие болды. Павлодарлық жас өреңдер Ресей, Беларусь, Грузияның оқушыларымен бір сахнада шеберлік көрсетіп, жеңіске жетті.

Біздің балалар теңіз жағасындағы Батумидің аты аңызға айналған бас сахнасында өнерлерін паш етті. «Блэйз» және «Тип-топ» эстрадалық студиялары түрлі жас ерекшеліктері бойынша жеңіске жетті. Балаларымыз Қара теңіздің жағасында шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, танымал өнерпаздардың шеберлік сабақтарына қатысты. Бұл – үлкен тәжірибе, - дейді оқушылар сарайының мамандары.

Ал жаскүміс көмей әншілер Сочиде өткен халықаралық байқауға қатысты. «Өнер планетасы» фестивалі 2011 жылдан бері Ресейдің 10 аймағында ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында шығармашылық жобаға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Финляндия, Германия, Италия, Кувейт елдерінің 20 мыңнан астам өнер иесі қатысқан.

Ал осы жылғы жарыста 700 бала өнерлерін ортаға салды. Оқушылар сарайының «Свет звезды» ән театры ел намысын қорғап, конкурстың бас жүлдесіне ие болды. 

Өзгелердің жаңалығы