Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. 77 жастағы павлодарлық Әсия Ыдырысова жастарға Наурыз көже дайындау әдістерін үйретті. Жас буын өкілдері шеберлік сабағын қызыға тамашалады.
Әсия Ыдысова оқушы кезінде көру қабілетінен айырылған. Бұған қарамастан, өмір бойы еңбек етіп, зағиптар қоғамының тірлігіне белсенді араласып жүрген жайы бар. Өзі - облыс орталығындағы көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың байырғы оқырманы. Мекеменің мәдени өміріне де сүбелі үлесін қосып келеді.
Осы жолы кітапханаға келіп, мектеп оқушыларына Наурыз көже әзірлеудің әдістерін көрсетті. Әсия әжей ұлттық тағамды дайындауды апасы мен анасынан үйренген.
«Көженің күріші жұп-жұмсақ болу үшін оны алдымен суға пісіріп аламын, Кейін сүтті пісіремін. Сүтке күріш, тұз, мейіз, кептірілген өрік, айран және сүр ет қосамын. Сүттің температурасы +36 градус болу керек. Сосын алты сағатқа қойып қоямыз. Көже біраз ашып, дайын болады. Наурыз көжені жыл сайын дайындаймыз. үйге қонақ шақырып, мерекені атап өтеміз. Бұл - отбасылық дәстүр», - дейді Әсия Ыдырысова.
Шеберлік сағатына қатысқан оқушылар көженің дәмін татып, Әсия әжеге алғыстарын білдірді. Мерекелік шара аясында ақ дастархан жайылып, оқушыларға қазақтың ұлттық дәстүрлерінен көрініс паш етілді. Шағын көріністі «Нұр ана» қоғамдық бірлестігінің белсенділері ұйымдастырды.
Мерекеге орай кітапхана ұжымы наурыз айының соңына дейін ұлттық киімде жұмыс істеуді жөн санапты. Әр қызметкер камзол, оюмен безендірілген көйлек киіп, жүздеген оқырманын қуантып отыр. Айта кетейік, бұл дәстүрді соңғы жылдары мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ұжымдары мен мәдени ошақтарының мамандары қолдап келеді.
Екі жылдық үзілістен соң Әз Наурыз жаппай аталып өтпек. Қазіргі уақытта облыс орталығының барлық мәдени мекемелерінде мерекелік шаралар ұйымдастырылуда.