Павлодарлық университет эндаумент-қорын ашты

10 Мамыр 2023, 18:15
692
Бөлісу:
Павлодарлық университет эндаумент-қорын ашты
Фото: Торайғыров университеті

Торайғыров университеті жеке эндаумент-қорын ашып, халықаралық тәжірибе негізінде жұмыс істемек, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың айтуынша, жеке жинақтау қорын ашу халықаралық деңгейде қолданысқа енген және кеңінен тараған тәжірибе. Бұл қаржылық құралдың көмегімен университеттер инвесторларды тартып, білім беру, зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытында дами түседі.

Бүгінгі таңда әлем елдерінде эндаумент-қорлар жоғары оқу орындарына ғана емес, кітапхана, музей сияқты мәдени ұйымдарға да тиесілі. Ал университеттер қаржыны студенттерге шәкіртақы тағайындау, жобалар әзірлеу бойынша пайдалана алады. Жаңа инфрақұрылым сияқты қажеттіліктерді де орындау бар. Мәселен, әйгілі Гарвард университетінің қорында шамамен 40 млрд теңге сақталған.

Торайғыров университеті елімізде эндаумент-қорын ашқан екінші оқу орны екен.

Эндаумент-қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында тіркелді. Бұл қаржыны жинақтап, дұрыс бағытта басқаруға қосымша мүмкіндік береді. Қор Торайғыров университетінің менеджментіне бағынышты ұйым емес екенін түсінген жөн. Бұл – әр түлектің өз оқу орнының дамуына үлес қосуға берілетін мүмкіндік. Қор университеттің ғана емес, қазіргі студенттердің дамуына да жаңа мүмкіндіктерді ашады, - деп атап өтті Торайғыров университеті директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Өтешев.

Оқу орнының басшылығы эндаумент-қор университеттің дамуына жаңа серпін береді деген сенімде.

Өз тарапымнан қордың ешкімге тәуелді болмай жұмыс істейтініне кепілдік бере аламын. Басты міндет – жоғары оқу орнында ғылыми қызмет пен студенттердің білім алуларына жасалған жағдайды жақсарту. Эндаумент-қордың жұмысы ашық жүргізіледі, - дейді университет ректоры Еркін Садықов.

Айта кетейік, жаңа қор ортақ құрылтайшы немесе инвестор ретінде де түрлі жобаларға қатыса алады. Дегенмен, бастапқы мақсат – оқу орнын дамыту.

Өзгелердің жаңалығы