Ертіс өңірінің өрт сөндірушілері Абай облысындағы алапат өртпен күресуге көмек көрсетуге баруға дайын тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметовтың айтуынша, бүгінгі таңда жеке құрамның 36 өрт сөндірушісі мен 10-ға жуық мамандандырылған техникасы дайын тұр.
Әрине, алапат өрт сөндіруге баруы мүмкін қызметкерлердің барлығы –тәжірибелі мамандар. Осындай күрделі жағдайда жұмыс істеуге үйренген азаматтар. Егер көрші өңірден дабыл түссе, біздің өрт сөндірушілер 1,5 сағат ішінде жиналып, діттеген орынға аттана алады. Қазіргі уақытта біздің облыста тілсіз жау қаупі жоғары тұр. Орманды алқаптар жіті бақылауға алынды. Көрші елдермен ортақ әрекет алгоритмі бар. Бұған дейін техника мен мамандар құрамының дайындығы пысықталды, - дейді Ақылбек Баяхметов.
Айта кетейік, павлодарлық байланысшы-мамандар Абай облысындағы алапат өрттің бел ортасында жүр. Қызметкерлер штаб және төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері арасында интернет және спутниктік байланыс орнату жұмыстарына араласуда.
Еске сала кетсек, өңірде бүгінгі күнге дейін 44 орман өрті тіркелген. Тілсіз жау салдарынан 250 гектар жер жанып кетіп, мемлекетке қыруар шығын келтірілді.