Павлодарлық мұрағатшылар 3600-ден астам ақталмаған азамат туралы мәлімет жинады

31 Мамыр 2022, 16:22
1988
Бөлісу:
Павлодарлық мұрағатшылар 3600-ден астам ақталмаған азамат туралы мәлімет жинады
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің мұрағатшылары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді.

Жұмыс топтары жүргізген зерттеу нәтижесінде 3600-ден астам ақталмаған азамат анықталды. 2227 іс пен 321 қор ашылып, толық зерттелді.  Жуырда мамандар 1933 жылдың наурыз айында облыс орталығында табылған 300 адамның мәйіті туралы құжат табылды. Мұрағатшылардың пайымдауынша, олардың барлығы ашаршылық құрбандары болуы мүмкін.

«Бұл акті Павлодар аудандық  прокуратурасынан табылған. Құжат 1933 жылдың 15 наурызында құрылған. Көктемде облыс орталығындағы орыс зиратында қар еріген кезде ашық жатқан 300 адамның мәйіті табылыпты. Олар үш шұңқырда жатқан. Мүрделер бір бірінен 6-8 метрлік қашықтықта жатқан. Осыған байланысты сол кездегі облыс басшылығы тиісті шараларды қолға алу туралы тапсырма берген. Себебі, қалада сүзек ауруы тарап, эпидемиологиялық жағдай қиындауы мүмкін еді. Біздің ойымызша, олардың барлығы 1932 жылдың қысындағы ашаршылық құрбандары», - дейді облыстық мемлекет мұрағаты директорының орынбасары Надежда Кубик. 

Павлодарлық мұрағатшылар 3600-ден астам ақталмаған азамат туралы мәлімет жинады

Мамандардың айтуынша, бұл құжаттарға кезінде «шұғыл» және «құпия» белгілері қойылған. Десе де, ашық түрде сақталған және құжатта сол мәйіттер жиналған орын туралы нақты дерек жоқ.

Павлодар облысында репрессия және ашаршылық тақырыбына арналған зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталған. 

«Мұрағат саласының мамандары сол қиын-қыстау құрбандарының туыстары, куәгерлері, бір сөзбен айтқанда халық арасында естеліктер мен құжаттарды жинаумен айналыса бастады. Нәтижесінде 30-40-шы жылдары жазықсыз репрессияланған азаматтарға қатысты құжаттар коллекциясы жиналды. 58, 59-шы баптар бойынша сотталғандар, депортациялауға ұшырағандар, жазасын өтеушілер туралы мағлұматтар топтастырылды. Осылайша, төрт мыңнан астам тұлға туралы отбасылық мұрағат жиналып қалды. Сонымен қатар, қорларымызда сол кезеңдегі түрлі депрессиялық жағдайлар туралы көптеген мәлімет бар. Осы қылмыстық істерді зерттей келе жанымыз түршікті. Халық қорқынышты оқиғаларды бастан кешкен. Жаза ретінде бейбіт халық азаматтық құқықтарынан айырылып, қуғынға ұшырады», - дейді Надежда Кубик.

Павлодарлық мұрағатшылар 3600-ден астам ақталмаған азамат туралы мәлімет жинады

Өткен жылы облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша өңірлік комиссия құрылды. Жұмыс топтары жүргізген зерттеу нәтижесінде 3600-ден астам ақталмаған азамат анықталды. 2227 іс пен 321 қор ашылып, толық зерттелді. 

«Бас прокуратураның Павлодар облысы бойынша басқармасының ведомстволық мұрағатында 1922 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша НКВД «үштігімен» сотталғандардың 3557 жеке ісі және олардың отбасы мүшелеріне қатысты істер бар. Мамандар облыстың тарихи ескерткіштері бойынша кешенді экспедиция облыстың үш қаласында және 10 ауданында зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде аймағымызда репрессия және ашаршылық құрбандарын жаппай жерлеу орындарының 51 орны анықталды», - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның хатшысы Айнұр Раисова.

Павлодарлық мұрағатшылар 3600-ден астам ақталмаған азамат туралы мәлімет жинады

Кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижелері бір жинаққа топтастырылды. Алдағы уақытта кезекті еңбек жарық көрмек.

Өзгелердің жаңалығы