Павлодарлық кардиохирургтер көпбалалы әкенің өмірін сақтап қалды

2 Ақпан 2022, 19:15
1374
Бөлісу:
Павлодарлық кардиохирургтер көпбалалы әкенің өмірін сақтап қалды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің кардиохирругтері 39 жастағы азаматтың өмірін сақтап қалды. 

Оннан астам мамандар тобы науқасқа «қолқа доғасының гибридті операциясын» жасады. Инновациялық технология отандық медицинада алғаш рет енгізілді.

Алты баланың әкесі томограциялық зерттеуден соң ауруханаға түскен. Кейін шұғыл түрде Семейден Павлодарға санитарлық авиацияның көмегімен жеткізілді. Оған «қолқаның бірінші деңгейлі қабаттануы немесе жыртылуы» диагнозы қойылды.

Мамандардың айтуынша, бұл жүрек-қантамырлар жүйесінің аса күрделі патологиялардың біріне жатады. Қолқадағы ақау салдарынан адам ағзасына қажетті оттегіні қабылдау қиындайды. 

Қолқаның қабырғасы үш қабаттан тұрады. Соның ішкі қабаты жыртылғанда, қолқа, яғни, үлкен қан тамыры ағзаның өміріне қажетті деген органдарды оттегімен қамти алмай қалады. Мысалы, миды, бауыр, ішек сияқты ішкі органдардың жұмысы қиындайды. Статистикаға келетін болсақ, сырқатқа шалдыққан науқастардың 48%-і бірінші сағаттарда ауруханаға жетпей қайтыс болады. Ал отадан соң азаматтардың 28%-і хирургиялық әрекетке дейін көз жұмады. Сол үшін күрделі ақау болып саналады. Бұған дейін осындай операциялар жасалатын, бірақ, бірнеше кезеңнен тұратын. Ал инновациялық әдісіміз екі түрлі операцияны бір кезеңмен жүргізуге мүмкіндік береді, - дейді облыстық кардиохирургия орталығы директорының медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі орынбасары Кенжебек Әлтенов.

Айта кетейік, бұл операция түрі әлемдік медицинада жеті жыл бұрын пайда болды. Ал отандық тәжірибеге биылғы жылы бірінші рет енгізілді. Облыс дәрігерлері соңғы бес жыл бойы озық тәсілдерді меңгеріп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасқан. 

Бұл операцияны жасау үшін ағзаны жасанды қан айналымы жүйесі аппаратына қосу керек. Құрылғы жүрек пен өкпенің қызметін атқарып тұрады. Сонымен қатар, науқастың дене температурасы төмендетіледі. Мәселен, науқастың дене температурасын 30 градусқа дейін түсірдік. Бірақ, ағзаны ңжұмысын толықтай тоқтатпаймыз. Себебі, мидың қызметін қанмен қамтамасыз етеміз. Бұл үрдістердің барлықы тоқтаусыз бақылауымызда болады, - дейді Кенжебек Әлтенов.

Осы тектес операцияны жасау қызметі 9 млн. теңгеге бағаланады. Ал семейлік азаматқа кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында тегін жүргізілді.

Қазіргі уақытта науқастың денсаулығы тұрақты. Алдағы уақытта оңалту шараларынан өтеді. Кейін отбасының ортасына оралмақ.

 

Өзгелердің жаңалығы