Павлодарлық оқушыларға сабақта маска кимеуге рұқсат берілді

29 Наурыз 2021, 18:02
1994
Бөлісу:
Павлодарлық оқушыларға сабақта маска кимеуге рұқсат берілді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде төртінші тоқсандағы білім беру үрдісі республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ұйымдастырылады. 

Облыстық Білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының хабарлауынша, аймақта үшінші тоқсан дәстүрлі форматтағы оқуларын 20 мыңнан астам оқушы аяқтады. Ал 32 мыңнан астам ұл-қыз қашықтан білім алды. Сонымен қатар 60 мыңға жуық оқушы аралас форматта оқыған. 

Қазіргі таңда облысымыз коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты жасыл аймақта. Сондықтан төртінші тоқсанда оқу үрдісі аралас форматта өткізіледі. Нақтырақ айтқанда, бұл формат 25 баладан аспайтын сыныптарда сақталады. Бұл талапқа байланысты өңірде қосымша 245 сынып жиынтығы ашылмақ, - дейді Дінислам Болатханұлы. 

Айта кетейік, төртінші тоқсанда балаларға бетперде кимеуге рұқсат берілді. Бірақ мектеп ғимаратына кірген кезде, асханада жүрген кезде медициналық маска кию шарт. 

Балалар сабақта маскасыз отыра алады. Бұл - облыстың бас санитарлық дәрігерінің талабы. Бірақ оқушы бетпердемен жүргісі келсе, оған да рұқсат. Мектептерде санитарлық ережелер міндетті түрде сақталады. Білім беру мекемесіне кірген оқушылар мен мұғалімдердің дене температурасы тексеріледі. Антисептиктермен қолды өңдеп отыруға да назар аударылады, - дейді облыстың бас мұғалімі. 

Бүгінде облыс аумағында 357 мектеп жұмыс істейді. 110 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Өзгелердің жаңалығы