Павлодарлық жас өнертапқыштар тың жобаларын ұсынды

26 Қыркүйек 2019, 17:02
2851
Бөлісу:
Павлодарлық жас өнертапқыштар тың жобаларын ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С. Торайғыров атындағы ПМУ-да республикалық «Форум ҚХА Жастар Синергиясы» жас IT-мамандарды қолдау жобасы өтуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Руслан Тілеулесов атап кеткендей, конкурс нәтижелерінен тыс басқарма аталған жобаларды зерттейді.

«Павлодар жастары үнемі жан-жақтылығымен, белсенділігімен және креавтивтілігімен ерекше. Жастарымыз еліміздің сан түрлі саласында жақсы қырларымен танылуда. Бүгінде талай қызықты жобаларды көрдім. Конкурс нәтижелеріне қарамастан, ұсынылған барлық жобаларды зерттеп, зерделеп шығамыз», - дейді Руслан Тілеулесов.

Конкурсқа өңірдегі университеттер, колледждер мен Назарбаев зияткерлік мектебі тыңдаушылары ұсынған 22 IT-жоба қатысуда. Осы аталған жобалардың тең жарымы республикалық сайысқа шығады. Жоба Қазақстан жастарының конгресі және Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өтуде.

Солардың бірі - университет қызметкері Зарина Жұматова ұсынған Education Bot жобасы. Оның ерекшелігі – кез келген адам кезекте тұрмай, смартфонның көмегімен білім беру үдерісіне қатысты ақпарат ала алады.

zarina-zhumatova-jumatova.jpg

«Бәріміз egov.kz порталын білеміз, міне біздің жоба арқылы студент немесе оқытушы қажетті анықтама ала алады. Education Bot оқу үдерісін жеңілдетіп, оны оңтайландыруға көмектеседі. Оған қоса, оқуға түсуге мүдделі талапкер бот көмегімен оқу орнындағы құрылымдық бөлімшелердің орналасқан орнын, сабақ кестесі мен оқудың төлемақылары туралы мәлімет ала алады», - дейді Зарина Жұматова.

«Форум ҚХА Жастар Синергиясы» ұсынған алаңда көрсетілген тағы бір тың жобаны Инновациялық Еуразиялық университетінің студенті Алтынбек Серіковтің қолынан шыққан NurLight деген атқа ие.

P105022433.jpg

«Бұл шаруа қожалықтары мен коттедж қалашығында пайдалануға болатын гибридті күн сәулесі энергиясын пайдаланатын қондырғы. 10х10 метрлік екі күн батареясы мен үш жел генераторы жылына жеті мың ампер күшті электр тоғын өндіреді. Бұл шаруа қожалығына жеткілікті мөлшер. Күн мен жел энергиясы қатар пайдаланылуы арқылы нысан электр энергиясымен үзіліссіз қамтамасыз етіледі» , - дейді Алтынбек Серіков.

Жоба авторының айтуынша, NurLight қондырғысы шамамен бір миллион теңге тұрады. Қазіргі кезде жас өнертапқыштар көлемді макет жасауға қажет қаражат іздестіруде.

Айта кетейік, «Форум ҚХА Жастар Синергиясы» жобасы 3 айға созылады әрі Қазақстанның бүкіл 17 аймағын қамтитын болады.

Аймақтық IT-жобалар аллеясы нәтижесінде үздік 80 жоба таңдалынып, жоба иегерлері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Форум ҚХА Жастар Синергиясы» республикалық форумына жолдау алады.

Форум нәтижесінде жеңімпаздар өз жобасын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге, 700 000 теңге және 500 000 теңге көлеміндегі грант ұтып алады.

Өзгелердің жаңалығы