Павлодарлықтар «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

26 Шілде 2019, 16:10
1709
Бөлісу:
Павлодарлықтар «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Акция аясында қала әкімі Қайрат Нүкенов «Тазалық жұмалықтарын» өткізу бастамасын көтерді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Экологиялық акцияның алғашқы күнінде қала көшелеріндегі қоқысты жинап, ретке келтіру жұмыстарына павлодарлық кәсіпорындар ұжымдары, жастар ұйымдары өкілдерімен шаһар көркіне бей-жай қарамайтын қала тұрғындары атсалысты.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытжан Әлімғазинов айтқандай, №3 қалалық аурухана, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май құю станциясының ұжымы Арғынбаев және Ледовский көшелері маңындағы Ермаков көшесін тазалауға кірісті.

«Таза Қазақстан» экомарафонына туберкулезге қарсы диспансер, «Ардагерлер үйі» ҚҰ мен өзге де мекемелер де қосылды. Одан бөлек, жақын орналасқан үйлер тұрғындары да қоқыс жинау жұмыстарына атсалысуда. «Тазалық жұмалықтары» мен эко-сенбіліктерді өткізу дәстүрге айналып, осының арқасында қаламыз одан аса көркейетініне сенімдіміз», - дейді Бақытжан Әлімғазинов.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жұмысшылары, өз кезегінде, Усолка жағасын тазалауды қолға алды.

Зауыттың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженері Әміржан Бекеновтің айтуынша, акцияны өткізудің алғашқы күні тазалық жұмыстарына кәсіпорынның 50 жұмысшысы жұмылдырылды. Усолка мөлтек ауданынан бөлек, зауыт өкілдері Ломов-Қамзин көшелері маңындағы №19 автожолды ретке келтіруді мойындарына алды.

Өңіріміздің тағы бір металлургия алыбы – «Қазақстан Алюминийі» АҚ жұмысшылары да «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қолдау білдірді. 50 алюминиші осы күні Ворушина-Гагарин-Радищев-Лесная көшелерінің учаскесін қоқыстан тазалады.

«Біздер қаламыздың қоғамдық өміріне үнемі белсенді қатысамыз. Сондықтан экологиялық эстафетаны қуана қабылдадық. Әрбір жұма және сенбі күні қаламызды тазалауға шығып отыратын боламыз», - дейді«Қазақстан Алюминийі» АҚ директорының көмекшісі Серік Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы