Павлодарға Түркменстаннан 50 қандас көшіп келді

28 Тамыз 2022, 15:50
2128
Бөлісу:
Павлодарға Түркменстаннан 50 қандас көшіп келді
Фото: автордан

Ертіс өңіріне Түркменстаннан 11 отбасы көшіп келді. 50-ге жуық азамат енді облыстың елді мекендеріне қоныстанбақ, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бір топ этникалық қандас алдымен Маңғыстау облысына, кейні пойызбен Павлодарға келіп жетті. Қазіргі уақытта оларды құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті жауапты мемлекеттік мекемелер қандастармен кездесу ұйымдастырып, көші-қон тәртібін түсіндіруде. 

«Отандастар қоры» облыстық филиалының басшысы Болат Зауыттың айтуынша, түркменстандық қазақтан сол елдегі елшіліктен арнайы виза алған. Бұл құжат бойынша қоныс аударушылар тек Павлодар облысында тұру керек.

«Көші-қон» заңы бойынша әр облысқа жыл сайын квоталар бекітіледі. Биыл Павлодар өңіріне этникалық қазақтарға 800 квота бөлінген. Бүгінгі таңда 216 адам көшіп келді. Түркменстаннан бір бөлігі келді. Олармен кездесіп, ақпараттық кеңес беріп жатырмыз. Себебі, әзірге «қандас» мәртебесін алған жоқ. Әлі диаспора болып есептеледі. Бірінші кезекте жеке сәйкестендіру номерін алу керек. Кейін «қандас» мәртебесіне ие болады. Елшіліктен алған С10 визасы бойынша талаптар бұзылса, азаматтарды кері қайтаруымыз мүмкін, – дейді Болат Зауыт.

Ақпараттық жиынға облыстың қала-аудандарының басшылығы, жауапты мекемелердің өкілдері жиналды. Мақсат – көші-қон талаптарын түсіндіру. Сала мамандарының хабарлауынша, қандастарға қолдау көрсету бойынша карта әзірленген. Жұмыс қолы қажет 111 елді мекен мен мыңнан астам бос орын қарастырылған. 

Қандастардың әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде қолдау қарастырылған. Ауылда тұрса, 48-68 мың аралағында үй жалдауға субсидия бөлінеді. Шетелдік қазақтар квота алғаннан соң ғана жеңілдіктерге ие болады. Көмек алған соң осында бес жыл тұруы керек. Шарт бұзылса, мемлекет қаржысы қайтарылады. Қудалауға ұшырауы да мүмкін, – дейді Болат Зауыт.

Айта кетейік, Түркменстанда 20 мыңдық қазақ диаспорасы бар. ішінде тарихи Отандарына келгісі келетіндер көп. Олардың көші-қоны енді басталған жоқ. Қазақстанға келгуге ниет білдіргендерді қоныстандыру екі жыл бұрын басталған. Алайда, жұмыстар пандемия салдарынан тұралап қалды. Енді қайта жандана түсті. Жалпы, өңірге 400-ден астам түркменстандық қазақ келеді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы