Павлодардың ақпараттық технологиялық колледжінде IT-орталық ашылады

29 Қазан 2020, 14:02
1822
Бөлісу:
Павлодардың ақпараттық технологиялық колледжінде IT-орталық ашылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы ақпараттық технологиялар колледжінің жанынан заманауи кластер құрылады. «Жас маман» бағдарламасы аясындағы қаржылық қолдаудың арқасында оқу орнында төрт зертхана ашылмақ.

Ақпараттық технологиялар колледжі - экономиканың барлық саласы үшін IT-мамандарды даярлайтын заманауи кешен.

Бүгінгі таңда ақпараттық технологияларға деген сұраныс экономиканың барлық саласына қажет. Әсіресе робототехниканы енгізіп жатқан кәсіпорындар үшін аса қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Колледж жанынан ашылатын орталықта 3D прототип жасау, желілік әкімшіліктендіру, web-дизайн және графикалық дизайн бағыттары бойынша төрт салалық зертхана ашылады, - дейді колледж директоры Серік Жартыбаев.

Студенттер білім алу барысында ағылшын тілін тереңдетіп оқу мүмкіндігіне ие болмақ. Басты мақсат - IT мамандарын отандық нарық үшін даярлау, оларды елде қалуына мүмкіндік туғызу. Колледж мамандарының айтуынша, жоба коммерцияландырылады.

Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды таңдау, ұсыныстарды зерттеу жұмыстары атқарылуда. Жоба сонымен қатар WorldSkills чемпионаттарын өткізу талаптарына сәйкес болуы керек.

Колледж басшылығы өңіріміздің ірі кәсіпорындарымен ауқымды жұмыс жасады. Идеяны қолдаған компаниялардың бірі - «Ритам Павлодар» ЖШС. Технологиялық жабдықтарды шығаратын кәсіпорында жоғары дәлдікті кесу және металл өңдеу бойынша қызметтерді орындау үшін Ресейге тапсырыс беріледі. 3D-прототиптеу зертханасын құрғаннан кейін колледж осы тектес тапсырмаларды орындай алады. Орталық түрлі мобильді қосымшаларды әзірлеумен де айналысады, - дейді мамандар. 
Айта кетейік, орталық кәсіпкерлік колледж концепциясын жүзеге асыруды көздейді. Осылайша пайда табатын әрі экономика секторларына тиімді жұмыс істейтін IT-мамандар шоғыры қалыптасады.

Өзгелердің жаңалығы