Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы №28 мектепті шарпыған қызыл жалынның таралуы тоқтатылды. Бұл туралы мамандар мәлімдеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, отпен күресуге бірқатар фактор кедергі болды.
Өртті сөндіру қиын болды. Біріншіден, оқиға туралы хабарлама кеш түсті. Себебі мектеп өкілдері өз бетінше сөндірмек болған, - дейді Қайрат Шаймерденов.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жалпы аумағы 1220 шаршы метр болатын ғимарат шатыры зақымданды. Мамандар тілсіз жаумен екі сағат бойы арпалысты.
Өрт мектептің екінші қабатында пайда болғаны белгілі. Шатыр мен кабинеттердегі жиһаз жанды. Оқиға орнында салалық департаменттің 70 қызметкері жұмыс істеді. Жағдай туралы алғашқы болып физика пәнінің мұғалімі хабарлаған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін нысаннан 500-ден астам адам сыртқа шығарылды.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, физика пәнінің мұғалімі зардап шеккен. Шошып кеткен педагог ауруханаға жеткізілген. Сала мамандары қандай да бір болжам жасаудан аулақ. Қазіргі уақытта облыс басшылығының қатысуымен жедел штаб отырысы өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, осы аптада тағы бір мектеп өртенді. Салалық департамент мамандарының пікірінше, ғимаратқа от қасақана қойылған. Бір қызығы, отқа оранған екі мектеп былтыр «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі бойынша жекеменкіш компаниялардың тексеруінен өткен.