Карантинде жатқан студенттерге азық-түлік жеткізілді

24 Наурыз 2020, 17:33
1812
Бөлісу:
Карантинде жатқан студенттерге азық-түлік жеткізілді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жатақхана жағдайында карантинде жатқан студенттер тегін азық-түлікпен қамтылады. "Біз біргеміз" республикалық акциясы шеңберінде жоғары оқу орындары да қайырымдылық акцияларын қолға алды.

С. Торағыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің әкімшілігі оқу орнында білім алып жүрген қытайлық және моңғолиялық студенттерге карантин кезінде көмек көрсетеді.

Оқу орнының шаруашылық-әкімшілік мәселелері жөніндегі проректоры Ертарғын Шахманның айтуынша, бүгінде 43 шетелдік студент қамқорлыққа алынды.

Жастарға әлеуметтік дорбалар табысталды. Олар бірінші кезекте қарақұмық, макарон, ет, лимон, сұйық май және күрішпен қамтылды. Жастарымыз қамқорлықсыз қалмайды, біз оларға қолдау көрсетуіміз керек, - дейді Ертарғын Шахман.

Университет басшылығы, сонымен қатар, жалғызбасты қарт азаматтарға да азық-түлік таратуды қолға алған. Қазіргі уақытта корнавирустың таралуын алдын алу мақсатында студенттер онлайн режимде білім алып жатыр. Осындай форматта оқып жатқан студенттердің саны 4000-нан асады. 

Жалпы, облыста республикалық акция шеңберінде әлжуаз топқа жататын тұрғындарға жататын 100-дан астам адамға көмек қолын созып үлгерді. 

"Nur Otan" партиясы облыстық филиалы өкілдерінің хабарлауынша, азық-түлік тарату "байланыссыз" режимде өткізіледі. Бұл - сақтық жұмыстары шеңберіндегі шаралардың бірі.

Әлеуметтік маңыздағы тамақ өнімдері таратылғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, тыл еңбеккерлері, көпбалалы отбасылар болды. Бүгінде осындай жұмысты атқару үшін мобильді топтар құрылған. Наурыз айының соңына дейін 1000-ға жуық отбасы көмектеп қамтылады деп күтілуде.

 

Өзгелердің жаңалығы