2008 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Павлодар облысының тұрғыны балалар үйіне орналастырылған.
Алайда, оны тек 2014 жылы «жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үйге тіркеген.
2023 жылы уәкілетті орган оны басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткеніне сілтема жасап, оны кезек тізімінен шығарған.
Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында талап қоюшы 2008 жылдан, яғни балалар үйіне түскен күннен бастап тіркеу құқығын қалпына келтіруді сұрап, өтініш жазған.
Бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, Б. тек бастапқы тіркеу күнінен бастап – 2014 жылдан ғана кезек тізіміне қайта қойылған.
Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы 2008 жылдан тұрғын үйге тіркеу құқығын тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Сот қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты Б.-ның кезек тізіміне уақтылы енгізілмегенін анықтады. Талап қоюшының кеш тіркелгеніне оның ешқандай кінәсі жоқ. Кәмелетке толмағандықтан, ол тұрғын үйге құқығын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған. Б. тәрбиеленген балалар үйі қазіргі уақытта таратылған, - деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.
Уәкілетті орган талап қоюшының тәрбиеге орналастырылғаны туралы істің мән-жайын заңды бағалауға әсер етуі мүмкін дәлелдерді ұсынбады.
”Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның ережелеріне сәйкес, заңмен белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және кезекке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін кезек тізімінен шығарылуға жатпайды. Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері талап қоюшының конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқты. Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін де, жеке лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңсыздығын да анықтағандықтан, Б.-ның балалар үйіне түскен күннен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға тұрғын үй құқықтары қалпына келтірілді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енді.