Павлодарда сарбаз аналарының І республикалық форумы өтті

9 Тамыз 2024, 22:47
419
Бөлісу:
Павлодарда сарбаз аналарының І республикалық форумы өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Павлодарда "Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен "Аналар жүрегі"сарбаз аналары комитеті" РҚБ арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру" тақырыбындағы І республикалық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен «Аналар жүрегі» сарбаз аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Форумға Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, Павлодар облысы әкімдігінің, Қорғаныс министрлігінің, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің, әскери прокуратураның, жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айгүл Құспан мемлекетіміз бен Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясының дамуына, оның ішінде әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктеріне, әскерлердегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті.

Бұл бағытта сарбаз аналары комитеті де белсенді жұмыс жүргізуде. Оның өкілдері үнемі әскери бөлімдерге барып, әскери қызметшілерге көмек пен қолдау көрсетіп тұрады. Мұндай өзара іс-қимыл қарқыны күштік органдарына да берілді. Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және басқа да әскери құралымдар комитет өкілдерін өз іс-шараларына шақырып, олардың қызметіне жәрдемдесуде. Комитет осындай маңызды миссияны жүзеге асыра отырып, командирлер мен сарбаз ата-аналары арасындағы байланысты жалғастырушы толыққанды әрі беделді ұйымға айналды,  – деді депутат.

Форумды ұйымдастырушылар сөз сөйлеу барысында олардың негізгі мақсаты – мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселелері бойынша күштік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар және басқа да мемлекеттік органдар арасында коммуникациялық орта құру, сондай-ақ жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысты жандандыру екенін атап өтті.

Қоғамның барлық топтарының тиімді ынтымақтастығы, Қарулы күштердің беделін және әскери қызметшінің мәртебесін арттыру үшін жаңа форматтарды іздеу басымдыққа ие.

Іс-шара соңында жиынға қатысушылар жұмыс тәжірибесін бөлісіп, жастармен жұмыстың жаңа жобаларын талқылады.

Өзгелердің жаңалығы