Павлодарда қоқыс жинаушы бригадалардың саны артты

10 Наурыз 2023, 11:16
695
Бөлісу:
Павлодарда қоқыс жинаушы бригадалардың саны артты
Фото: автордан автордан

Күннің жылынуына байланысты облыс орталығын қоқыстар тазалайтын бригадалар саны 1,5 есеге артты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі. 

 

Сала қызметкерлерінің айтуынша, бригадалар қар астында қыс бойы жатқан қоқыстарды жинап жатыр. Олардың басым бөлігі – тұрмыстық қалдықтар. Атап айтқанда, қағаз, пластик, полиэтилен дорбалары, шыны. Мәселен, кварталішілік аумақтардан жыл басынан бері бес мың тоннадан астам қалдық шығарылған. 

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайыновтың айтуынша, тазалық жұмыстары әдеттегіден екі есеге көбейген.

Қар еріп жатыр. Осыған байланысты бізге тұрғындар тарапынан өтініштер түсіп жатыр. Сондықтан, тазалық жұмыстары күшейтілді. Қазіргі уақытта 6-7 бригада жұмыс істеп жатыр. Бұл дегеніміз – 50-56 адам. Сонымен қатар, ірі габаритті қоқыстар да шығарылып жатыр. Бас-аяғы 14 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық шаралары қаланың скверлері мен саябақтарында қатар жүргізіліп жатыр. Қар еріп болған соң  өткен жылғы жапырақтарды жинаймыз, сыпырамыз, - дейді Арман Құсайынов. 

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта аумақтарды қардан тазалау жұмыстары тоқтатылмаған. Айта кетейік, қоқысты белгіленбеген орынға тастаған азаматтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

Өзгелердің жаңалығы