Павлодарда қалдықтарды қайта өңдеу зауыты салынбақ

14 Шілде 2023, 19:54
763
Бөлісу:
Павлодарда қалдықтарды қайта өңдеу зауыты салынбақ

Облыс орталығында қалдықтарды қайта өңдеу және жағу зауыты бой көтеруі мүмкін. Өндіріс ошағын салу жөніндегі жоба қоғам назарына ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жоба бойынша қалдықтардың бір бөлігін жағу, тағы бір бөлігін қайта өңдеу көзделген. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы экологиялық реттеу бөлімінің мамандары бұл деректі растады. Зауыт салу бойынша қоғамдық тыңдаулар туралы ақпарат экологиялық порталда жарияланған.

Өтініш беруші «Утилизация» ЖШС-і. Жоба «Қалдықтарды басқару алаңы» деп аталады. Қазіргі уақытта сәйкес ұсыныс еліміздің экология министрлігінде қаралып жатыр. Біз құзырлы мекеме және мемлекеттік орган ретінде өз ескертулерімізді әзірлейміз. Учаске, қалдықтарды орналастыру бойынша экологиялық нормаларға сәйкестігін қарастырамыз. Ұсынылған құжаттамаға сәйкес қалдықтарды жағу арқылы қайта өңдеу, қабылдау жоспарланып отыр, - дейді басқарманың экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Мадина Балтабаева.

Мамандардың мәліметінше, бір жылда 3066 тонна қалдық өртеледі. Сонымен қатар, өнеркәсіптік алаңда 260 мыңнан астам қалдық түрлері қайта өңделмек. Қоқыстардың 10%-ға жуығы қауіпті қалдықтарға жатады, ал қалғаны қауіпсіз болып есептеледі. Жағуға жататын заттардың қатарында медициналық бұйымдар, құрамында мұнай бар өнімдердің қалдықтары бар.

Қоқыс қайдан әкелінеді? Бұл сұрақтың жауабы жобада көрсетілмеген. Мамандар қосымша сауал жолдады. Жобаны іске асыруға ниетті компанияның қоқыстарды басқару саласында тәжірибесі жоқ, - дейді Мадина Балтабаева.

Зауыттың аумағы 1,4 гектарды құрайды деген ақпарат бар.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, эколог Светлана Могилюктің айтуынша, қалдықтарды жағу арқылы қайта өңдеу әдісі аса қауіпті.

Құрамында ауыр металлдар көп болатын медициналық бұйымдар, түрлі техника қалдықтары жағылады деп күтілуде. Сонымен қатар, картонның 300 тоннасы, қағаздың 30 тоннасын жағу қарастырылған. Бұл материалдарды қайта өңдеуге болады. Бұл тиімді емес. Біз жобадағы екі дүниеге қарсымыз. Біріншісі – қоқысты жағу құрылғысы. Екіншісі – құрамында полихлорленген дефинил сұйықтығы бар қалдықтармен жұмыс. Бұл қалдықтар болашақта қайда жіберіленітіні туралы ақпарат жоқ. Білуімізше, елімізде осындай қалдық түрін қауіпсіз қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Нақты шешім болмауынша, кәсіпорынды тұрғын үйлерге жақын орналастырмау керек, - дейді эколог.

Мамандар зауыт құрылысына қарсы емес. Мәселе – технологиялардың тиімділігінде. Бір жылда қоршаған ортаға ластаушы заттардың 53 тоннасы тасталады деп күтілуде. Қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша зиянды заттардың 17 түрі көрсетілген.

Жалпы, экологиялық рұқсат берілмейінше және экологиялық сараптама нәтижесі болмайынша, кәсіпорын салынады деп айту әлі ерте. Құжаттамаға сәйкес зауыт Солтүстік өнеркәсіптік аумақта салынатын «Жастар» шағын ауданына жақын орналаспақ.

Айта кетейік, қоғамды талқылау бойынша тыңдаулар 28-ші шілдеде өтеді.

Өзгелердің жаңалығы