Павлодарда мектеп оқушыларына Абай дәрісі өткізілуде

5 Қыркүйек 2019, 17:44
2449
Бөлісу:
Павлодарда мектеп оқушыларына Абай дәрісі өткізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Павлодар қаласында мектеп оқушыларына ақынның өлеңдері мен қара сөздері арқылы дәріс өтуде, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Алғашқы дәріс Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте өтті. 11 қыркүйекке дейін шаһардағы 30-ға жуық қазақ мектептерінде де ұйымдастыру жоспарланған. Дәрісті белгілі абайтанушы, жыршы Даниял Әсенов жүргізуде.

"Қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» жобасын бастадық. Жоба барысында Абай дәрісі өтеді. Бұнда мен өзім бір сөз қоспай, тек Абайдың сөздерін жеткіземін. Мақсатымыз – Абай Құнанбаев шығармашылығы туралы оқушылардың білімін кеңейту, ақынның лирикалық өлеңдері мен қара сөздерін таныстыру, туған халқының тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады. Осы оқу жылымен, Абай жылы басталып кетті. Мен 25 жылдан бері Абайды насихаттап келе жатырмын. Былтыр «Ауылға Абай келді» деген жоба өткіздік. 50-ге жуық ауылға бардым. Тұрғындар Абайды көргендей қуанып жатты. Кеңес кезінде Абай аз насихатталды. Қара сөздері оқылмады. Бір-екі өлеңі ғана таралатын. Қазір жастардың көбі Абайдың өлеңін айтқан кезде қуанып қаламын", - дейді Даниял Әсенов .

Дәріс барысында белгілі жыршы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып, өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқыды. Ақынның 17-ші қара сөзін оқып, оқушыларға ақыл мен қайратты жылы жүрекке бағындыруға кеңес берді. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Бақберген Дауан Абайдың 140-тан астам өлеңін жатқа біледі.

"Ұлы ақынның өлеңдерін 1-сыныптан бері жаттап келемін. Өлеңдері, поэмалары мен қара сөздерінен 140-тан астам туындыны жаттадым. Абай атамыздың сөздері, айтқан өсиеттері өмірде өз пайдама жарап жатады. Сөздеріне құлақ асып, іс жасаймын. Бүгін Даниял ағамыздың келіп, қатарластарыма осындай дәріс өткізіп жатқанына ризамын", - деді Бақберген Дауан.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Бекмурзинова білім ордасында Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай өзге де шаралар атқарылып жатқанын айтты.

"Мектебімізде ақынға арналған сынып сағаттары өтуде. Осы айда мектепшілік Абай оқуларын өткізу жоспарланған. Оған 20-ға жуық оқушы дайындалып жүр. Сондай-ақ президентіміз қостаған Абай өлеңдерін оқу челленджіне 5 педагогымыз бен 20-ға жуық оқушымыз қатысты. Оған шәкірттеріміз әлі де қатысатын болады", - деді Гаухар Бекмурзинова
Өзгелердің жаңалығы