Павлодарда мүмкіндігі шектеулі әйел кәсіпкер атанды

6 Ақпан 2020, 07:56
1705
Бөлісу:
Павлодарда мүмкіндігі шектеулі әйел кәсіпкер атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гүлшат Молдиярова бірінші топ мүгедегі. Ол 2019 жылы "Еңбек" бағдарламасы аясында тегін білім алып, қайтарымсыз грантқа ие болған, деп жазды pavlodarnews.kz.

Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасы бойынша 2019 жылы Павлодар қаласы бойынша 506 адамға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілген.

Қайтарымсыз гранттардың жалпы сомасы 223 миллион теңгені құрайды Соның ішінде 100 АЕК-ға дейін немесе 252 500 теңге 126 адамға, 200 АЕК 380 адамға, яғни 505 мың теңге берілді. Ағымдағы жылғы жоспар бойынша 87 адамға көмек көрсетілмек. Грант сомасы 530 200 теңге болады. Ережеге сәйкес 200 АЕК-ке арналған гранттар көп балалы, аз қамтылған, еңбекке жарамды мүгедектер мен 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Қатысушы Гүлшат Молдиярова мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша "1С Бухгалтерия білімі бар ЭЕМ операторы" мамандығы бойынша қысқа мерзімді кәсіби курсын өтті. Ол І топтағы мүгедек және оған 200 АЕК көлемінде грант жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алуға берілді, - қалалық жұмыспен қамту орталығы оқыту бөлімінің басшысы Зарина Уқпаева.

Гүлшат Молдиярова қолөнермен айналысқанда көңілінің көтеріліп, өзін жақсы сезінетінін айтады.

Осы өнерім арқылы қазақтың ою-өрнектерін танытқым келеді. Павлодарда қазақтың оюларын өрнектеп салып, түрлі заттар, киімдер тігетін цех жоқ екенін байқадым. Бағдарлама арқылы 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлінді. Бұл сомаға тігін машинасы, үстел, орындық сияқты барлық құрал-жабдықтарды сатып алып, тіге бастадым. Алдағы мақсатым - тігін цехын ашу. Қарамағыма бірнеше қыздар алып, жұмысымды әрі қарай жандандырғым келеді. Қазір айына кейде 60,90 мың, кейде 50 мың теңгеге тапсырыс қабылдаймын. Тек ең жақсы, сапалы маталармен жұмыс жасаймын, - дейді кәсіпкер.
Өңірде қазір ою-өрнекті, заманауи, ұлттық нақыштағы көрпе-жастықтар сұранысқа ие екен. Жас кәсіпкер бұл кәсіпті бастағанына көп болмаса да тұтынушыларының бар екенін атап өтті.
Көбі таныстарым арқылы менің тіккен заттарымды көріп, тапсырыс беруде. Тігілгені, ою-өрнектері оларға қатты ұнайды. Бірақ бағасын әлі шешпедім. Тұтынушылар қаншаға бағалайды, сол сомаға беремін. Жұмыстарымның эскиздерін өзім ойлап табамын. Сондықтан эксклюзив шығады. Бірақ тапсырыс берушінің де ықыласын ескеремін.

Айта кетейік, 2019 жылы Павлодарда мүмкіндігі шектеулі 16 адам қайтарымсыз грантқа ие болған.

Өзгелердің жаңалығы