Павлодарда латын графикасында үздік диктант жазған студенттер марапатталды

30 Қазан 2019, 05:26
2020
Бөлісу:
Павлодарда латын графикасында үздік диктант жазған студенттер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар қаласының колледж және ЖОО студенттері арасында латын әліпбиінде жазу сауаттылығын тексеру бойынша өткен диктанттың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен жарияланған "Латынша жазамыз" акциясына  қатысқан жастар латын әліпбиінде жазу сауаттылықтарын тексеру мүмкіндігіне ие болды.
"Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру шеңберінде елімізде 2025 жылға дейін латын графикасын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Цифрландыру заманы болғандықтан, интернет жүйесінде латын әліпбиі үстемдік етеді. Сондықтан бүгінгі жастардың қазіргі қазақ тілін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық тілдер қауымдастығында лайықты орын алуына септігін тигізеді деген сенімдеміз", - деп атап өтті марапаттау рәсімінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.
Акцияның қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 20 қатысушы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Акцияға барлығы 60 адам қатысты. Олардың ішінде Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті Толғанай Тұмабай "бестік" деген бағаға жазған. 




Өзгелердің жаңалығы