Ертіс өңірінде «Мен – өз Отанымның патриотымын» атты байқау ұйымдастырылып, көрікті жерлердің үздік шағын үлгісі анықталды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Шығармашылық байқау Павлодар облысының 85 жылдық мерейтойына арналды. Желтоқсан айында жарияланған конкурсқа 200-ден астам оқушы жұмыстарын тапсырып, олардың 30-ы ғана ақтық мәреге жолдама алды.
Ұйымдастырушы топ мүшесі Әсем Аипованың айтуынша, баста мақсат – балаларды шығармашылық арқылы отансүйгіштікке баулу.
Жеткіншектер көрікте жерлер, тарихи ескерткіштер немесе ғимараттардың макетін жасап қана қоймай, олардың тарихымен де танысты. Себебі, қазылар алқасының алдында жұмыстарын қорғады. Қатысушылар Ақорданың, Хан шатырдың, Бәйтеректің, Мәшһүр Жүсіп мешіті, Исабек Ишан мазары, Ғабдул Уахит Хазырет кешені, Сұлтанбек Сұлтанның мазары, Павлодарлық «Big Ben», Ұлы Жеңістің батырларына арналған макеттерді жасады. Кей балалар ауылдағы әлеуметтік немесе өндірістік нысандардың шағын үлгісін жасады. Ең бастысы, оқушылар жарысқа өздері ғана емес, ата-аналарымен бірге қатысты. Біздің мақсат та – сол, - дейді Әсем Аипова.
Қазылар алқасы конкурс талаптарын орындаған макеттерді таңдады. Байқаудың бар талабын мүдірмей орындаған Павлодар қаласы № 8 лицей оқушысы Матвей Дубовой жеңіске жетті.
Сұлулығы баршамызды тамсандырған Мәшһүр Жүсіп мешітін таңдап алдық. Бұл мешіт павлодарлықтардың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтардың да сүйікті орнына айналған. Макетті жасауға атам мен әпкем көмектесті. Бірнеше күн кетті. Қағаз, желім мен бояуды ғана пайдаландық. Композиция көңілімнен шықты, - дейді Матвей Дубовой.
Қазылар алқасы әр жұмыстың тарихтағы орны мен көркемдік жағына көңіл аударды. Оқушылар қызығушылығы арта түссе, байқауды дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар.