Павлодарда қоқыс шығару тарифі қымбаттады

13 Қазан 2020, 13:20
1910
Бөлісу:
Павлодарда қоқыс шығару тарифі қымбаттады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі өзгерді. Енді қызметтің бағасы екі есеге қымбаттады.

Айта кетейік, соңғы жылдары Павлодарда қоқыс шығару тарифі 160 теңге көлемінде сақталған. Бұл - Қазақстандағы ең арзан баға. Монополист ұйым осы жылдың ақпанында тарифті қымбаттату мәселесін көтерген еді. Кейін жаңа тарифті, яғни, 322 теңге қалалық мәслихаттың сессиясында қаралды. Алайда, сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылданды.

Ал қоқыс тасымалдайтын компания тарифті қымбаттату мәселесі тұрмыстық қалдықтарды шығару ісін жетілдіру және жаңа техника сатып алудың қажеттілігі туындады деп түсіндірді.

Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоқыс шығару тарифі соңғы рет 2013 жылы өзгертілген.

Қалалық мәслихат депутаттары 2020 жылдың маусым айында жаңа тариф үшін дауыс берді. Бүгінгі күнге дейін нормативтік-құқықтық акт тіркеліп, облыстық газеттердің беттерінде жарияланды, - деп хабарлады мамандар.

Павлодарлықтар жаңа түбіртектерді қыркүйек айынан бері алып жүр. Монополист-кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл - мәжбүрлі шара. Себебі, кей шығындарды өтеуге қаржы жетпейді. Десе де, белгілі бір әлеуметтік санаттарға жататын тұрғындарға жеңілдіктер қарастырылатын болды.

Тарифті бекіту бірнеше жыл бойы кейінгіге қалдырылып тұрды. Әрине, сіз бен біз таза қалада өмір сүргіміз келеді. Өкінішке қарай, қоқысты сұрыптау пен қайта өңдеуге қыруар ақша керек. Қызметкерлердің жалақысын да көтеру қажеттілігі бар. Бұл шығындарды тариф есебінен жаба аламыз. Келесі айда мүгедектер, ҰОС соғысы ардагерлері мен қатысушылары, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, минималды мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер, жалғызбасты зейнеткерлер және тағы басқа әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға арналған тарифтер қайта есептелетін болады, - деп хабарлады монополистер.

 

Өзгелердің жаңалығы