Павлодарда «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы басталды

14 Ақпан 2023, 16:51
1849
Бөлісу:
Павлодарда «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы басталды
Фото: автордан

Ертіс өңірінің кітапханаларында халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Павлодардағы тілшісі.

Халықаралық кітап қозғалысына белсене қатысуды жөн санаған кітапханалар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл шараны игі дәстүрге айналдырғандардың қатарында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың ұжымы бар.

Кітапхана ұжымы бұл акцияны облыстық қылмыстық-атқару жүйесі мамандарымен бірлесіп ұйымдастырып келеді. Басты мақсат – колонияларда жазасын өтеп жүрген азаматтарды сапалы әдебиет құралдарымен қамту, кітап оқуға баулу. 

№45 мекемесінің тәрбие ісі жөніндегі бөлім бастығы, әділет майоры Данияр Касимовтың айтуынша, арнайы кітапханамен  серіктестік қарым-қатынас орнатқанымызға екі жыл толды. Осы уақыт аралығында көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырдық.

Сотталған азаматтар арнайы кітапхананың оқырмандары үшін шахмат, дойбы тақталарын жасап берді. Сонымен қатар, өз қолдарымен әзірлеген Брайль әліппесін тарту етті. Ал кітапхана мамандары өз кезегінде бізге кітап сыйлайды. Бұл – біз үшін маңызды. Біздің мақсатымыз – сотты болғандардың арасында ағартушылық, тәрбиелік маңыздағы шараларды көптеп өткізу. Біздің колония қатаң режимде болғандықтан, бізге келген азаматтар жазаларын ұзақ жылдар бойы өтейді. Олардың көбі детектив және фантастика жанрындағы кітаптарды оқығанды жақсы көреді, - дейді Данияр Касимов.

Бүгінгі таңда колония жанындағы кітапханада 20 мыңға жуық кітап пен мерзімді басылым құралдары бар. Сала мамандары рухани азық ордасының қорын молайтып отыруға тырысады. Осы жолы арнайы кітапхана өкілдері детектив, тарихи роман, фантастика жанрындағы кітаптар мен қазақ жазушыларының шығармаларын сыйға тартты. 

Өзгелердің жаңалығы