Павлодарда кімдер дезинфекция жасап жүр?

6 Мамыр 2020, 08:39
1475
Бөлісу:
Павлодарда кімдер дезинфекция жасап жүр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда Семей қаласындағы әскери бөлімнен келген 220 адам залалсыздандыру жұмысын атқаруда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Дивизион командирі, майор Үсен Байтуов әскерилердің Павлодардағы жұмыс тәртіптері туралы айтып берді.
Семей гарнизонынан келген 220 әскери қызметші 4 сәуірден бастап дезинфекция  жүргізуде. Таңғы сағат 6-да тұрамыз. 7-де таңғы ас. 9-дан бастап түскі асқа дейін бір топ жұмыс жасайды. 15:00-ден 17:30-ға дейін екінші топ секторлар бойынша жұмыс істейді. Қала 6 секторға бөлінген. 4 сәуірден 4 мамырға дейін секторларды толық дезинфекциялап, 5 рет айналып өттік. Жұмыс барысында балалардың ойын алаңдарын, балабақшаларды, мектептерді, университеттерді, аулаларды залалсыздандырамыз, - деді Үсен Байтуов. 
Үсен Байтуов әскерилерге тұрғындар әртүрлі көзқараспен қарайтынын жасырмады.
Не үшін осы жұмысты істеп  жатқанымызды түсініп, алғыс айтатындар бар. Түсінбейтіндер де кездеседі. Елімізде төтенше жағдай туындағандықтан біз, 220 адам өз отбасымызды тастап, осында келіп отырмыз. Осы қаладағы тұрғындарға жұғып қалмасын деп залалсыздандырамыз. Сондықтан тұрғындар карантин және сақтық ережесін сақтаса дейміз, - дейді дивизион командирі. 
Семейден келген әскерилердің қатарындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшесінің командирі Рахымжан Ибраимов Павлодар облысының тумасы. Ол ата жолын жалғап, әскери мамандықты таңдаған.
1984 жылы Павлодар облысының қазіргі Аққулы ауданында туғанмын. Әскери салада 17 жыл қызмет етіп келемін. Алматыдағы гарнизонда бастап, Семейге дейін келдім. Қазір сол жердемін. Аталарымның соғысқа қатысып, әскер қатарында болғаны маған қызметте күш-жігер береді. Арғы атам Рахымжан Фин соғысына қатысты. Одан кейін ҰОС басынан соңына дейін қатысып, сол аяғындағы жарасымен оралды. Бірнеше рет атаулы медальдер алып, ордендермен марапатталды. Атам Ыбырай 12 жасынан тылда еңбек етті. 1942 жылы соғысқа шақырылып, 1946 жылы оралды. Осының бәрі әулетімнің ізін жалғастыруға себеп болды. Мен жауапкершілігі мол мамандық екенін біле тұра, осы саланы таңдадым. Алайда, алдыма мақсат қойып, аталарымды ұятқа қалдырмау үшін кірістім. Өзім Павлодардың тумасы болғандықтан жерлестерімді қорғауға келдім. Адамдар да сақтық шараларын жасауы керек. Осындай сәтте жұдырықтай жұмыла білуіміз қажет, - дейді Рахымжан Ибраимов. 
Әскери қызметшілердің бірі Ернұр Төлеубаев балаларының генерал болғанын қалайды.
Қазіргі әскери бөлімде 15 жыл қызмет атқарып келемін.  Атам Ғарифолла соғысқа қатысқан. Сол кісінің медальдерін көріп, ынтам артып, әскери қызметке қызықтым. 2 ұл, 1 қызым бар. Ұлдарым әскери мамандыққа қызығады. Әскери киім кигілері келеді. Ұлдарымды әскери оқуға түсіріп, генерал болса деп армандаймын. Отанды қорғау – үлкен қызмет. Ол – қасиет. Ерекше жауапкершілік. Келе жатқан 7 мамыр – Қарулы күштердің құрылған күнімен баршаңызды құттықтаймын! Әрқашан  тыныш өмір болсын!, - дейді Ернұр Төлеубаев. 
Дивизион командирінің айтуынша, келісімшарт бойынша қызмет атқаратындар мен офицерлер Павлодарда ТЖ аяқталғанға дейін болады.


Өзгелердің жаңалығы