Павлодарда IT-бақ пайда болды

1 Мамыр 2023, 16:11
757
Бөлісу:
Павлодарда IT-бақ пайда болды
Фото: Ақпараттық технологиялық колледжінен

Облыс орталығындағы ақпараттық технологиялар колледжінің аумағында IT-бақ пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ақпараттық технологиялар колледжінің аумағындағы баққа «Alma strIT» атауы берілді. Студенттер алма бағында ағаш түрлерінің 100 данасын отырғызды.

Алма – бүгінгі айти әлемінде табыстың символына айналған. Біздің жастар да табысты болуды қалайды. Сондықтан айти-хабтың жанында алма ағашын салуды жөн санадық. Біздің колледждің есіктері өмірін айти саласы, ақпараттық технологиялармен байланыстырғысы келетін жастар үшін әрдайым ашық, - дейді колледж директоры Серік Жартыбаев.

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар колледжі ірі серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуде. Олар да жас көшеттерді әкеліп, бақша салуға атсалысты.

Біздің компания алма бағын отырғызу бастамасын қуана қолдады. Біз колледжбен кадр даярлау, тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өткізу және еңбекпен қамту бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас орнаттық. Бұл оқу орнында жастар үшін қолайлы экожүйе қалыптасқан. Оқу ордасының ғимараты жөндеуден өткен, жабдықталған хаб жұмыс істейді. Студенттер алысқа сабылмай, осы жерде оқып, жұмыс істей алады. Енді алма бағы бар алаң да пайда болады. Жастар жиналып, жаңашыл идеяларын жүзеге асыра алады, - дейді CEO TKR interactive кәсіпорнының өкілі Аскар Ахметов.

Болашақта бақ аумағында 45 түп алма, 20 түп жүзім, 10 түп алмұрт ағашы жайқалып өсіп тұрмақ. Сонымен қатар қарақат, шие, өркі ағаштары да отырғызылды.

Айта кетейік, биыл ақпараттық технологиялар колледжі 55 жылдығын атап өтеді.

Өзгелердің жаңалығы