Павлодардағы электролиз зауытында бір жұмысшы көз жұмды

4 Наурыз 2019, 09:52
2043
Бөлісу:
Павлодардағы электролиз зауытында бір жұмысшы көз жұмды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Қазақстан электролиз зауытының маманы өндіріс орнында қайтыс болды. 33 жастағы ер азамат кәсіпорында алтыншы санатты электрик болып еңбек еткен.

Қазіргі уақытат еңбек инспекторларынан құралған топ оқиға орнында тиісті жұмыстарды бастап кетті. Мамандардың хабарлауынша, зауыт қызметкері алюминий электролизі цехының корпусында болған.

Зауыт өкілдерінің ресми мәліметіне сүйенсек, дәрігерлер оқыс оқиға орнына дереу жетіп, реанимациялық шараларды жүргізген. Өкінішке қарай, дәрігерлер азаматтың аман алып қала алмады.

Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, бұл дерек бойынша тексерістер басталды. Көз жұмған маманның артында бес бала қалған. Кәсіпорын тарапынан оның отбасына материалдық көмек көрсетіледі.

«Алдын ала болжам бойынша маманның үстіне құрал-жабдық арбасы құлаған. Оқыс оқиғаның нақты себебін алдағы 10 жұмыс күні ішінде анықтаймыз. Жалпы, бұл өндіріс ошағында адам өлімімен ақяталған жағдайлар соңғы рет 10 жыл бұрын тіркелген», - дейді Асқар Қапанов.

Жалпы, облыстың өндіріс орындарында жыл басынан бері 30 қайғылы оқиға анықталған. Екі дерек жұмысшы өлімімен аяқталған.

Еске салсақ, қаңтар айының соңында «Екібастұз жылуэнерго» электр станциясында цех ауысымының бастығы Ержан Жақсыбаев көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша №8 қазандық агрегатының құбыры жарылып, азамат ыстық будан күйік алған.

Өзгелердің жаңалығы