Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мамандар өрт салдарынан келтірілген шығын көлемін есептеуде, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«Строитель» бағбаншылығында өрт шыққаны туралы хабарлама өрт сөндіру бөліміне 30 сәуір күні түстен кейін түскен.
Өрт салдарынан істеп тұрған 18 саяжай мен қараусыз қалған 29 үй жанып кетті. Оның 18-і шағын үйшіктер. Оқиға орнында бес техника мен 18 адам жұмыс істеді. Қала тұрғындарынан қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз, – деді Павлодар қаласы ТЖ басқармасының инженері Әділжан Мырзабай.Бұған дейін өткен демалыс күндері «Яблонка» бағбаншылығында қараусыз қалған тоғыз үй өртеніп кеткен. Жалын «Энтузиаст» саяжай учаскесін шарпып, қураған ағаштар мен саяжайлар отқа оранды.
Бүгінде барлық бағбаншылықта мамандар кезекшілікке шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында өрт қауіпті кезеңі басталды.
Өрт сөндірушілер қоқысты темір бөшкеде ғана жағу керек екенін және оны саяжай үйінен, ағаш ғимараттардан, қоршаулардан, екпелерден қашықтықта орнату қажеттігін еске салады.