Павлодарда балаларға арналған футбол турнирі өтуде

31 Шілде 2019, 22:33
1218
Бөлісу:
Павлодарда балаларға арналған футбол турнирі өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаламыздың «Жұлдыз» стадионында 2009 жылы туған балалар үшін футболдан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Виктор Ярышев атындағы турнир өтуде. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Жарыс 29 шілдеде басталған еді. Ertis ФК баспасөз қызметі хабарлағандай, турнирге жергілікті Ertis футбол орталығы командалары мен «СДЮШОР Иртыш» шәкірттерінен өзге Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасы, қарағандылық «Шахтер», өскемендік «Алтай», екібастұздық «Батыр» және ақсулық «Металлург» тәрбиеленушілері қатысуда.

Сегіз команда өзара кездесулер өткізіп, бір айналым бойынша ойнайды. Ұпай санын ең көп жинаған команда жеңіске жетеді.

Аты аңызға айналған жаттықтырушы Виктор Ярышев бұл турнирдің бірінші кезекте Ertis футбол клубына шебер ойыншылар әзірлеу мақсатын көздейтінін айтты.

«Бұл қатарынан бесінші рет өткізіліп отырған жарыс. Жыл сайын балалардың шеберлігі артып келеді. Бұған заманауи футбол ғимараттары, жаңа спорт кешендері өз септігін тигізуде деп ойлаймын. Оған қоса жаттықтырушылар да қарқынды еңбек етуде. Балалар тезірек өсіп, біздің негізгі команда қатарына қосылса екен деймін. Ең бастысы осы», - дейді дейді Виктор Ярышев.

Қазірде командалар төрт кездесуден өткізіп үлгерді. Турнир кестесін он ұпаймен Ertis-1 футболшылары бастап келеді. Тоғыз ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Металлург» командалары тиісінше, екінші және үшінші орында. Аталмыш турнир жұма 2 тамыз күні аяқталады. Кездесулер сағат 10.00-де басталады.

Өзгелердің жаңалығы