Ертіс өңірінде 5600 қыз балаға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, вакциналау барысында АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» екпесі қолданылады.
Стандартты мөлшердегі препарат иық тұсындағы бұлшықетке енгізіледі. Вакцина адам папилломасы вирусының төрт типінен қорғайды. Облысқа екпе әкелінді. Иммундау шаралары мектептердің екпе кабинеттері мен емханаларда ұйымдастырылады. Вакцина салу орындары жоқ ауылдарға көшпелі бригадалар барады. Вакциналау барысында ата-аналарының рұқсаты қажет, - дейді Батырбек Әлиев.
Облыстық онкологиялық диспансерінің онкогинекологі Лаура Нұрсейітованың айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігі – алдын алуға болатын жалғыз обыр түрі.
Қауіпті дерттің негізгі себебі – адам папилломасы вирусы. Бұл вирус вирустар папилломасы түріне жатады. Бүгінде олардың 200-ден астам түрі болса, 14-і жоғары онкогенді сипатқа ие. Жатыр мойны ісігін алдын алу үш кезеңнен құралған. Біріншісі вакциналау болса, екіншісі – скринингтен өту. Үшінші кезеңі обыр алдында сәулелі, химиялық және хирургиялық тепарпия арқылы емдеу бойынша жүргізіледі. Екпе 15 жасқа дейін салынады, - дейді онколог.
Өңірде жатыр мойны обырына 30-40 жас аралығындағы әйелдер шалдығады. Айта кетейік, қазіргі уақытта облыстық диспансердің есебінде 13 мың науқас тұр. Олардың төрт мыңы жатыр мойны ісігімен күресуде.
Ал жыл басынан бері бұл дерт 70-тен астам әйелде анықталды. Мамандардың айтуынша, адам папилломасына қарсы вакцина салу әлемде 15 жыл бойы қолданыста.