Павлодарда 2020 жылдың басында 400 отбасы баспаналы болады

12 Қазан 2019, 02:55
1945
Бөлісу:
Павлодарда 2020 жылдың басында 400 отбасы баспаналы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Павлодар облыстық филиалы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 400 пәтер ұсынуға дайын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"ТҚЖБ" АҚ облыстық филиалының директоры Талғат Баиловтың мәлімдеуінше, қолжетімді шарттар бойынша тұрғын үйді 2020 жылдың басында сатып алуға болады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 400 пәтер "Сарыарқа" шағын ауданында салынуда. Бір бөлмелі пәтердің аумағы - 40-45 шаршы метр, екі бөлмелі пәтерлер - 60-65 шаршы метр және үш бөлмелі пәтерлер - 83-88 шаршы метр. Тұрғын үйдің таза әрленген құны 1 шаршы метр үшін 140 000 теңгені құрайды.

"Бүгінгі күні «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бес үй бойынша өтініш қабылдамақпыз. Қазіргі таңда үш үйге байқау жарияланған. Соның бірі - 108 пәтерлік Шөкин көшесіндегі құрылыс нөмірі 24/1 нысан. Өтініш қабылдау 19 қыркүйектен 19 қазанға дейін жалғасады. Сонымен қатар, екі құрылыс нысаны бойынша 72 пәтерлік құрылыстың нөмірі 19-шы және 20-шы үйлерге 1 қазанда байқау жарияладық. Осы айдың соңына дейін өтінім қабылдайтын боламыз. Содан кейін 31-ші және 29-шы нөмірлі үйлерге байқау жарияламақпыз", - дейді Талғат Баилов.

Банктің облыстық филиалының басшысы «Нұрлы жер» аясында тұрғын үй 50/50 қағидасы бойынша бөлінетінін еске салды. Яғни пәтерлердің 50%-ы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар арасында бөлінеді, қалған 50%-ы "ТҚЖБ" АҚ-ның салымшылары арасында бөлінеді. Бұл ретте, пәтер алу үшін әкімдікте кезекте тұрғандар бағдарламаға қатысу үшін "ТҚЖБ" АҚ-да есепшоты мен салымдары болуы тиіс. Сондай-ақ, "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысу шарттарына сәйкес тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенті болуы және депозитінде тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы болуы қажет. Қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 5 пайызды құрайды. Несие мерзімі – 3 жылдан 24 жылға дейін. Оған қоса, ҚР азаматтығы немесе оралман мәртебесінің болуы, өтініш берген сәтте ҚР аумағында меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы және төлем қабілеттілігін растау басты талаптар болып табылады.

"Павлодар облысында күн сайын ТҚЖБ-ның 10-ға жуық клиенті қолжетімді несие рәсімдеуде және қоныс тойын атап өтуде. 60-қа жуық адам күн сайын депозиттер ашып, банктің салымшылары атануда. Павлодар облысында "ТЖҚБ" АҚ-ның жалпы базасында 70 мың салым бар. 2019 жылдың басынан бері өңірде 11 391 адам депозит ашып, үй немесе пәтер сатып алу үшін жинақ жасай бастады. Облыстың тағы 2 097 тұрғыны қолжетімді несие алып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен қоныс тойын тойлады", - деді Талғат Баилов.

Филиал басшысы өңірде «Әскери баспана» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары жүзеге асырылуда екенін атап өтті. Облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасына барлығы 265 өтініш қабылданып, оның 60-ы тұрғын үй сатып алды. Аталған бағдарламаға көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар өтініш білдіре алады. Бұл бағдарламаның жылдық пайызы - 2, бастапқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Несие беру уақыты 20 жылға дейін. Бұл бағдарлама арқылы Павлодар қаласында ғана емес, аудан, ауылдардан да үй алу мүмкіндігі бар.

 Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан барлық нысандар туралы baspana.kz сайтынан білуге болады. Қолжетімді тұрғын үйге үміткер өзінің «жеке кабинеті» арқылы тұрғын үйді сатып алғысы келетін объектіні таңдайды және тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтінім береді.




Өзгелердің жаңалығы