Павлодарда 120 мұнайшы дуатлоннан жарысқа түсті

16 Қыркүйек 2019, 22:45
1850
Бөлісу:
Павлодарда 120 мұнайшы дуатлоннан жарысқа түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарлық мұнайқұбыршылар мен мұнай өңдеушілер «Қазақстан мұнайының 120 жылдығы» мерейтойы құрметіне дуатлоннан жарыс ұйымдастырды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Жарысқа Павлодар мұнай құбыры басқармасы, «ПМХЗ» ЖШС және серіктес компаниялардан 120-ға жуық адам қатысты. Дуатлонға қатысушылар 25 шақырым қашықтықты, яғни 5 шақырымын жаяу, қалған 20 шақырымын велосипедпен бағындыру қажет болды.

Жарыс алдында «ПМХЗ» ЖШС Бас директоры Оспанбек Әлсейітов пен Павлодар мұнай құбыры басқармасы бастығының орынбасары Арман Майкенов сөз сөйлеп барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Атап өтерлігі, дуатлонға «Екібастұз» МАС операторы, Қазақстан мен Ресейде өткізілген көптеген марафондар мен дуатлондарға қатысушы Антон Артюшенко мен Павлодар мұнай-химия зауытының бастапқы өңдеудің операциялық операторы, Астанада өткен «IRON MAN» триатлонында 21 шақырымды жүгіріп, 2 шақырымды жүзіп және 90 шақырымды волсипедпен жүріп өткен Адлан Орымбаев «КӨШБАСШЫ» ретінде қатысты. Оларға «OIL MAN» атағы беріліп, арнайы шыны мүсінше табыс етілді.

Жарысты ұйымдастырушылар болып табылатын Жас мамандар кеңесінің төрағасы Аян Кенжебеков дуатлон екі кәсіпорын мамандарын біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттаудың құралы болып табылатынын атап өтті.

«Біз жылдық жоспарымызды дайындау кезінде мұнай өңдеушілермен қосылып дуатлон өткізу туралы идеяны басқарманың бас инженері Ербол Асенов ұсынған болатын. Зауыт мамандарымен бірігіп, бұл жарысты «Қазақстан мұнайның 120 жылдығына» арнап өткізуді шештік. Сонымен қатар бізге «ҚазТрансОйл» АҚ Оңтүстік-Шығыс құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді», - дейді Аян Кенжебеков.

Дуатлон жарысына бірінші топтағы еңбек сіңірген қазы Сергей Бутин жұбайымен қазылық етті. Алдағы уақытта қос кәсіпорын мамандары бірігіп шаңғы жарысын өткізуді жоспарлауда.

Өзгелердің жаңалығы