Павлодарда "Автолюкс" қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам ұсталды

Бүгiн, 13:21
178
Бөлісу:
Павлодарда "Автолюкс" қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам ұсталды
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі "Автолюкс" инвестициялық пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша іс тіркеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаржы пирамиданың өмірлік циклі 2024 жылғы қыркүйектен қарашаға дейінгі 3 айды құрады.

Алайда, оның қызметі Павлодар, Алматы, Ақтөбе және басқа облыстарға таралып үлгерген.

Белгілі болғандай, күдікті интернет-дүкен платформасында жұмыс істей отырып, тауарларды жалған түрде бөліп төлеуге сатып алу үшін ақша салуды ұсынып, әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде берген. Кейінірек, салымшылар нақты сатып алынбаған тауарлар үшін қарыздарды төлей берген, ал күдікті ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны ойын-сауыққа, соның ішінде шетелге (БАӘ, Тайланд және т.б.) сапарларға жұмсаған, - делінген хабарламада.

Пирамидаға 150-ден астам адам жұмылып, нәтижесінде 100 миллион теңгеден астам қаражат салған. Қаржы пирамидасының қаражатына күдікті екі автокөлік, Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы көліктерді сатып алғаны анықталды, олар соттың санкциясымен тәркіленді.

Сот күдіктіге қатысты "үйқамақ" түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.

Еске салайық, 2024 жылы Агенттік салымшыларға 20 миллиард теңгеден астам залал келтірген 42 қаржы пирамиданы жойды. 78 адам сотталып, 13 миллиард теңгеден астам залал өтелді, 287 миллион теңге мөлшерінде мүлік тәркіленді.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram-боты іске қосулы.

Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз, - делінген ақпаратта.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы